Мәселе – электр энергиясы
Биылғы жылы облыс көлеміндегі барлық аудан әкімдері халық алдында есеп беріп, өткен жылға сараптама жасауда. Осы шаралар арқылы жергілікті басқаруды дамытуға, жалпы атқарушы органдар қызметінің халық алдындағы ашықтығы мен есептілігін арттыруға қол жеткізуге болады. Халық алдындағы кезекті есеп Науырзым ауданында да өтті.
Науырзым ауданы әкімінің есебін тыңдауға келген облыс әкімінің орынбасары С. Карплюк алдымен аудандағы бірнеше нысандарды аралап шықты. Аудан орталығындағы “Тәуелсіздік” саябағы былтырғы жылы толығымен жаңарған болатын. Тас жол төселіп, жұртшылықтың демалуына жағдай жасалды. Енді биыл Жеңістің 70 жылдығына орай орнатылған ескерткіш жаңа кейіпке енеді деп күтілуде. Аудан орталығында былтыр монша салынды. Жергілікті кәсіпкер А. Галиева осы ауданның тумасы. Туған жерінде кәсібін ашып, оның жандануына жағдай жасап отыр. Кәсіпкер ашқан моншаның рахатын ел көруде. Былтыр мұндағы баға құны 300 теңге болса, биыл ол 100 теңгеге қымбаттаған. Сонда да келушілер толастар емес. Монша бар жабдықпен қамтылған, шаштаразы да бар. Осы кәсіпкер тағы да жақсы іске бастамашы болып, жақында наубайхана цехын ашты. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 11 млн. 900 мың теңге алды. Наубайханада тоқаш, печенье, нанның небір түрлері пісіріліп сатылады. Кәсіпкер 4 адамға жұмыс берген. Одан қалды облыс әкімінің орынбасары аудандағы тігін цехында, түгелімен жөндеуден өткен аудандық кітапханада болды. Кітапхананың қазіргі жағдайын көріп С. Карплюк таңданысын жасыра алмады. Мұнда оқырман қалауына қажеттінің бәрі бар.
Одан әрі Науырзым ауданының әкімі Талғатбек Даировтың халық алдындағы есебі басталды. Жыл ішінде мемлекеттік бағдарламалар бойынша халықтың әлеуетін арттыруға, ауданның экономикасын еселеуге бағытталған көптеген ауқымды істер атқарылған. Былтырғы жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 11,6 пайызға өсіп, 1 млрд. 671,1 млн. теңгеге дейін жеткен. Ауданның өнеркәсіп өндірісі саласында 16 кәсіпорын жұмыс істейді.
Индекс көлемі 87,6 пайызды құрады. Аудан мал шаруашылығына қолайлы болғандықтан бұл салада жақсы көрсеткіш сақталып келеді. Мал шаруашылығының жалпы өндірістік көлемі 2,1 пайызға өскен. Төрт жылда «Сыбаға» бағдарламасы аясында ауданда жоспарланған 989 бас ірі қара малдың орнына 1310 ірі қара мал сатып алынды. Осылайша жоспарлы тапсырма 132,0 пайызға орындалды. Шилі ауылында «Аман-Терсек» ЖШС жеке қаражат есебінен 1 мың бас ірі қара малға арналған малшаруашылық кешенінің құрылысы 2012 жылы басталған еді. Жоба ағымдағы жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Буревестник ауылында «Оджахвердиев М.М.» шаруа қожалығымен, «ЖИТО» ЖШС 3000 бас ІҚМ арналған бордақылау кешенін салу және Өлеңді ауылында «Сырымжан» шаруа қожалығымен 500 бас асыл тұқымды мал шаруашылығын өрбітуге малшаруашылық фермасын салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шолақсай ауылында «Ветеран-1» ЖШС 200 бас сауынды сиырды ұстауға арналған сүт-тауарлы фермасын салу жоспарланып отыр. Аталмыш объектілердің құрылысы қожалықтардың өз есебінен жүргізіліп жатыр. Пайдалануға 2016-2018 жылдары енгізіледі.
Аудандық қаражат есебінен 31,8 млн. теңге сомасына Буревестник және Өлеңді орта мектептерін күрделі жөндеуге және Шилі ауылындағы балалар демалыс лагерін қайта жаңғыртуға жобалар әзірленді. Қазіргі таңда жүзеге асыру бойынша жұмыстары жүргізіліп жатыр.
2013 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес Қарамеңді ауылындағы сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылысы аяқталып, іске қосылды. Осы бағыттағы жұмыс әлі де жалғасып жатыр, былтырдан бастап жалпы сметалық құны 574,1 млн. теңгені құрайтын «Буревестник ауылындағы жер асты суларынан сумен қамтамасыз ету жүйесін қайта жаңғырту» жобасы іске асырылып жатыр.
Иә, әкімнің атап көрсеткеніндей, ауданның экономикалық жағдайының өсіп отырғаны даусыз. Алайда білім, денсаулық сақтау мен жер қатынастары бойынша біраз жұмыстар жүргізу керектігі ескерілді.
Аудан әкімін алаңдатқан бір мәселе қыс бойы аудан көлемінде электр энергиясы сөніп қала берді. Бұл қазандық жұмыстарын тоқтатып тастауы мүмкін. Аудандық электр стансасының материалдық жағдайының төмендігі аварияларды дер кезінде тоқтата алмайды. Әрі мұнда жұмыс істейтін жұмыскерлердің жалақылары төмен, бұл да жұмысқа кедергісін тигізеді. Осыған орай Науырзым аумағында электр стансасы базасында өз алдына жеке филиал ашуды сұрады аудан басшысы облыс әкімінің орынбасарынан. С. Карплюк бұл мәселе жерде қалмай, шешімін табатынын жеткізді.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
Науырзым ауданы.
СУРЕТТЕ: Науырзым ауданының әкімі Талғатбек Даиров есеп беруде.