ОБЛЫС ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫН

Күздің қара суығы мен қақаған қысқа әлеуметтік нысандар мен тұрғын-үйлер де толығымен дайын. Биыл әлеуметтік нысандарға жылу тарататын 125 қазандық жөндеуден өткен.
Бүгінде өңірде 377,6 мың тонна көмір қоры бар. Жылу маусымы аяқталғанша облыс 485,1 мың тонна көмір жағады. Облыс әкімі Жангелдин, Қамысты, Қарасу, Меңдіқара, Б. Майлин, Науырзым аудандарының әкімдеріне бюджеттік мекемелерге көмір жеткізуді жеделдетуді тапсырды.
– Қысқы отын қорын дайындау барысына, әсіресе, шалғай аудандар мұқият қарауы керек. 7 немесе 10 күнге жететін көмір жинап қойдық деген әңгіме болмасын. Көмір қоры кем дегенде 1 айға жететін болсын. Қыста ауа-райы бұзылып, жол жабылып қалып жатса, қызықтың көкесі сонда болады. Сондықтан көмір қорын мол қамдап алу керек. Аудан әкімдеріне қазірден бастап ескертемін. Бұған тікелей жауап бересіздер. Аудандар мен ауылдарда көмір жеткілікті болуы керек, – деді өңір басшысы.
Арқалық қаласына мазут жеткізу барысы да жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Арқалықта былтырғы маусымнан қалған 1,84 мың тонна мазут бар. Қалған мазут қазан айынан бастап алдағы жылдың ақпанына дейін жоспарлы түрде жеткізіледі.
Жиын барысында жылу ақысының уақтылы төленбеу себептері де сөз болды. Бүгінде тұрғындардың жылу компанияларына берешегі 244 млн теңгеге жеткен. Облыс әкімі берешектің бүгінге дейін 30%-і ғана өтелгенін, бұл коммуналдық мекемелердің жұмысына кері ықпал ететінін тілге тиек ете келіп, тиісті орындарға қарызды өндіру шараларын қатайтуды тапсырды.
Нұрқанат Құлабаев