Жылу беру маусымына дайын
Қостанай облысында жылу беру маусымына дайындық тыңғылықты жүргізілуде. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған брифинг барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов мәлім етті.
«Барлық нысандар кестеге сәйкес жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын тыңғылықты атқаруда. Өңірде жылу беру маусымы 1 қазаннан басталады. Ауа температурасы күрт төмендеген жағдайда жылу беру жұмыстары белгіленген күннен бұрын басталады. Қостанай облысының алдағы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығы аяқталуға жақын. Жөндеуді тек қана электр жабдықтары бар, оны жөндеу астық жинау науқаны салдарынан қазан айында аяқталады. Жалпы облыс бойынша 105 қазандық, 736 жылытудың автономдық жүйесі сақадай сай. Жөндеуге жоспарланған 18,1 шақырым жылу желілерінің 18,3 шақырымы, 88,1 шақырым су құбыры-кәріз жүйелері 104%, электр жүйелерінің 87% жөндеуден өтті. Әлеуметтік сала және тұрғын үй қоры толық дайын. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандар жылу беру маусымына жүз пайыз дайын. Білім берудің 734 объектісі, денсаулық сақтау саласының 488 объектісі, 701 әлеуметтік объекті, 2645 көп қабатты үй жылу беру маусымына әзір», – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімінің бірінші орынбасарының атап өтуінше, қазіргі таңда жылу беру мауысымынан өту үшін қажетті 485,1 мың тонна көмірдің 334,6 мың тонна көмірі дайын. Ал бюджеттік ұйымдар үшін қажетті 104,3 мың тоннадан 92,1 мың тонна әзірленген. Ал халық үшін қажетті 327,5 мың тонна көмірдің 228,7 мың тоннасы жеткізілген. Қара отынды тасуда іркіліс жоқ.
Облыстың алдағы жылу беру маусымына дайындығы жергілікті биліктің тұрақты бақылауында.
Шұға Қоңқабаева
Суреттерді түсіргендер: Бердіболат Көркембаев, Бағдат Ахметбеков