Ажырасу “асқынып” тұр

Қостанай облысы ажырасу бойынша республика көлемінде екінші орында тұр. Осындай статистиканы келтірген мамандар отбасы құндылығы жыл өткен сайын төмендеп бара жатқанын журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында айтты. Осы жылдың сегіз айында 3529 неке тіркелген болса, 2300 отбасы ажырасып үлгерген. Бұл – былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп көрсеткіш.1522645358_article_b_1500_
Маусым айынан бастап “Бақытты отбасы” пилоттық жобасы аясында еліміздің 8 қаласында отбасын ресурстық қолдау орталықтары жұмыс істей бастады. Мұнда психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер кеңесін тегін алуға болады. Мұндай орталық біздің қаламызда да ашылған. Осы уақыт аралығында орталыққа барлығы жеті жүзден астам өтініш келіп түскен. Мамандардың жұмыс істеуінің арқасында 38 неке сақталған.
"Еліміз бойынша ажырасу жағынан екінші орында тұрған Қостанай облысының жағдайы мәз емес. Қостанай ауданы мен Рудный, Лисаков қалалары бұл көшті бастап тұр. Соңғы жылдары ажырсау көбейіп келеді. Тіптен Аманкелді, Жанкелдин аудандары да бұл көрсеткішті толықтырып отыр. Бұл аудандарда бұрындары ажырасу тіркелмейтін. Бұған бір жағынан атаулы әлеуметтік көмектің берілуі де әсерін тигізіп отыр. Мемлекет тарапынан көмек алу үшін заңды некелерін бұзып жатқандар күрт көбейіп кетті. Осы тұрғыдан біздің орталық ажырасқысы келетін жұбайлармен сөйлесіп, некені бұзбауға кеңес беріп, көмек көрсетеміз. Бірақ бір ғана орталық аздық етеді. Біз тек Қостанай қаласы мен Қостанай ауданы тұрғындарымен жұмыс істейміз. Ал басқа аймақты қамти алмаймыз. Енді осындай көңілді құлазытар деректерді көре отырып, мұндай орталықтардың керек екенін айта кеткіміз келеді", – дейді Қостанай облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Қ.Шармұхамбетова.
"Көп адамның адвокат пен психологқа баруға қалтасы көтермейді. Отбасында түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Сондықтан кейде кейбіреулерге сөйлесіп, жағдайды ушықтырмас үшін маманмен жұмыс істеу керек. Болмашы дүниеге бола ажыраса салатындар көп. Әзірге орталық тек желтоқсан айына дейін ғана жұмыс істейді. Бірақ біз әлі де жұмыс істеп қана қоймай, облыс бойынша бірнеше аудандарда ашылғанын қалаймыз", – дейді Қ. Шармұхамбетова. 
Өткен жылдардың статистикасына жүгінсек, 2007 жылдан тіркелген некелер саны 14 % азайып, ал неке бұзу фактілері 16,5% көбейген. Неке бұзу саны неке қию санына қарағанда өсу тенденциясы байқалады. 2007 жылы некелері бұзылғандардың саны 39,7% болса, 2016 жылдың қорытындысы бойынша 55,5% ұлғайған.
Жас жұбайлардың отбасы өміріндегі бірқатар мәселелерді шешуде қиындыққа тап болады. Олар отбасы өмірінде бір-біріне сәтсіз бейімделу, қолайсыз материалдық жағдай, бала туу, жастардың ата-аналармен тіл табыспауы, олардан қаржылық жағынан тәуелді болуы, некеге психологиялық тұрғыдан дайын болмауы, өзінің тұрғын үйінің жоқтығы да бар.
"Жас жұбайлар отбасы бюджетін бақылап, жоспарлай алмайды, отбасы өмірінің кейбір қиыншылықтар мен негізгі мәселелерін білмейді, балаларды тәрбиелеудегі келіспеушіліктерге тап болады, туыстармен қарым-қатынас, сонымен қатар, әр түрлі діни және саяси көзқарастар сияқты мәселелерді жеңе алмайды. Осыдан туындаған мәселелерді өзара шешуге дайын болмайды. Некеліктің бастапқы кезеңінде 1 жылдан 5 жылға дейін, отбасы өмірінде түсінушілік пен келісімге келу өте қиын, жас жұбайлар бірінші отбасылық-тұрмыстық мәселелермен кездеседі", – деп ажырасудың басты факторларын атай кетті Қостанай облысы Әділет департаментінің АХАЖ бөлімінің бастығы Гульмира Мусина.
 
Айтолқын Айқадамова

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓