ҚАЗЫНА ҚАРЖЫСЫ ҚАЙДА БАҒЫТТАЛАДЫ?

2019-2021 жылдары Қостанай облысына республикалық бюджеттен 80 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттық кезектен тыс сессиясында мәлімделді.Без названия (1)
Бұл қаржының басым бөлігі облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге бағытталады. Сондай-ақ, бұл жосмпарларды жүзеге асыруға жергілікті бюджет қосымша қаржыландыруы тиіс.
"Жолаушылар көлігі басқармасына 791,5 млн теңге бөлінеді. Оның  747,2 млн теңгесі аудандық маңыздағы автожолдарды жөндеуге жұмсалмақ. Атап айтқанда, Қарасу, Октябрь, Челгашы, Красный Октябрь, Асимов, Абай, Новоселов, Боровской, Ұзынағаш, Баннов ауылдарының жолдары қалыпқа келтіріледі.  Мұның сыртында, облыстық маңыздағы Қарасу-Большой Чураков, Рудный-Қашар-Лисаков жолдары жөнделеді, – деді облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина. – Одан қалдысы, 21,1 млн теңгеге Рудный қаласындағы Володарский көшесі қалыпқа келтіріледі. Сондай-ақ, 23.2 млн теңге облыстық маңыздағы автожолдар құқығы туралы сәйкестендіру құжаттарын әзірлеуге жұмсалмақ".
Бұдан кейінгі қомақты сома – 646 млн теңге энергетика мен ТКШ-на құйылады. Үлеске шаққанда, 373 млн теңге "Арқалық ЖЭО" МКК мазут отынына кеткен шығынды толығымен өтеуге кетеді. 177,8 млн теңге Денисов ауданының Фрунзе, Красноармейский ауылдарын, Таран ауданының Валерьянов, Қарасу ауданындағы Восток, Қарасу елді мекендерін ауызсумен қамтуға шығындау көзделіп отыр. Осы қаржыға облыс орталығындағы Уральский, Шипин, Жауынгер-интернационалистер көшелеріндегі су құбырлары жөнделмек. Лисаков қаласының жылу желілерін қалыпқа келтіруге 50,9 млн теңге қарастырылады.
Газ-транспорттық жүйелерді дамыту жобасы да назарда. Оған 44,8 млн бағыттау көзделген. Бұл қаржы игілігін Әулиекөл ауданының Әулиекөл, Құсмұрын, Черняев, Қамысты ауданының орталығы және Алтынсарин, Адаев, Бестөбе ауылдары көрмек.
Басқарма басшысы халықтың хал-ахуалын арттыра түсу де жоспардан тыс болмайтынын айтты.
"Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 198,7 млн теңге бөлінеді. Оның 100 млн теңгесі мүмкіндігі шектеулі жандарды техникалық және жәрдемші, жүріп-тұру құралдарымен қамтуға жұмсалады. Қалған 98,7 млн теңгеге қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтардың айлығын көтеруге бағыттау көзделіп отыр. Жоспар бойынша, олардың жалақысы 1,5 есеге дейін артпақ", – дейді Г.Мұсағазина.
Қазына қаржысынан алар құрылыс саласының үлесі – 56,2 млн теңге. Оның 47,9 млн теңгесіне Қонай шағын ауданындағы кәріз желілері жаңартылады. 7,3 млн теңге Индустриялық аймақта қажетті инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізу жобасының сметалық құжаттарын дайындауға шығындалады.
"Осыдан бірнеше жыл бұрын республикалық бюджеттен 20-30 млрд теңге бөлінген болса, ол бүгінде 80 млрд теңгеге жетті, – деп бастады қорытынды сөз сөйлеген аймақ басшысы А.Мұхамбетов. – Алайда біз ортақ қаржыландыруға көңіл бөлуіміз керек, яғни жергілікті бюджеттің міндетті үлесі болуы тиіс. Қазір жергілікті бюджет қоры өсіп келеді. Сонда да біз оны жақсартуға жұмыс істей беруіміз керек. Болашақта бұдан да қомақты қаржы бөлінсе ортақ қаржыландыруға әлеуетіміз жетуі керек. Көп жұмыс атқарылды. Бірақ қуануға әлі ерте".
Аймақ басшысы 2025 жылға дейін облыс жолдарының мәселесі 98%-ке шешілуі керек екенін айтты. Өңірдегі жол торабы ел бойынша қашықтық жөнінен екінші орында, сондықтан бұл жеңіл-желпі шаруа емес, инвестиция салу қажет.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓