ДӘУРЕН ҚУАТ: Көшенің айқайы емес, біздікі салмақты әңгіме болады
( Эксклюзив сұхбат )
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ
Елордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өткені мәлім. Сол күні біз астанада осы кеңес мүшесі, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Дәурен Қуатпен сұбаттасқан едік.
-Дәурен мырза, бірінші отырыстан алған әсеріңізбен бөліссеңіз?
– Бұл Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі. Неге сенім деген сөзді алдық? Себебі біздің қоғамда қандай нәрсеге болса да сенім жоғалып, азайып бара жатқан секілді. Әлеуметтік желіде немесе баспасөзде қандай да бір игілікті іс қолға алынып жатса оған бірден оған күмәнмен, күдікпен қарап сенімсіздікпен қарайды. Оның да қисыны бар. Себебі, қолға алынған талай іс-шаралар соңына дейін жеткен жоқ.
Ұлттық кеңесте 3 жұмыс тобы жұмыс істеуде. Олар– саяси жаңғыру, экономикалық және әлеуметтік- мәдени тобы. Басқосуда осы әр топтан екі адамнан шығып сөз сөйледі. Бұл кеңестің өзгешелігі сөз сөйлеймін деген адамның бәрі сөйледі. Ашық форматта болды. Мысалға сен сөйлеме,сен сөйле деген әңгіме жоқ.
– Сіз қай топта болдыңыз?
-Әлеуметтік –мәдени топта. Біз алдын ала жұмыс тобының мүшелері мынаған келісіп алдық. Көтеретін келелі-келелі мәселемізді іріктеп, келісіп алайық та, әйтеуір сөйлеп қалып, көзге түсуден бойды аулақ салып, нақты нәтижеге қол жеткізуге болатынын ғана қозғайық деп . Шығып сөйлейтін адамдарды да алдын ала белгілеп алдық. Ел елеңдеп күтіп отырған, көптен бері шешімін таппай жүрген, қоғам талап етіп отырған сауалдарды отырыстың алдағы басқосуына анықтап, рет-ретімен қою ұйғарылды.
Кеңесте біздің топтың мүшесі, ақын Қазыбек Иса батыл түрде ұсыныс айтты. Ол Атазаңда Мемлекеттік тіл өз мәртебесін жеке дара иеленуі үшін 7-баптың 2- тармағын алатын уақыт жеткенін айтып, осы бап ана тіліміздің үнемі алдынан шыға беретінін, қолбайлау, кедергі жасайтынын, сондықтан оны Қазақстан Халқы Ассамблеясы, Парламент, қоғамдық-саяси күштер, зиялылар қауымы қайрат көрсетуі керектігін атап көрсетті. Сондай-ақ Президент келіссе, «Ақ жол» партиясы Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын жасауға дайын екендігін мәлімдеді. Сол секілді Қазыбек мырза мемлекеттік тілдің дамуы және тиісті заңдардың орындалуын қадағалау мақсатында тікелей Президентке қарайтын Тіл агенттігі құрылса деп ұсыныс білдірді.
–Қалай ойлайсыз енді осы ұсыныстар ескеріле ме?
– Президент айтылған ұсыныстардың бәрі де мұқият талданатынын, сараланатынын, содан барып тиісті шешім қабылданатындығына уәде берді. Мемлекет басшысы Жолдауында да қазақ тілі ұларалық тілге айналатын жағдайға келіп қалды дегенді меңзеді ғой. Мұны салмақтап, саралап айтты, дипломат адам ғой, асығыс сөйлемейді.
–Басқа топ қандай ұсыныстар айтты?
-Экономика тобы ел экномикасын түбегейлі реформалау қажеттігін айтса, саяси жаңғыру тобы БАҚ туралы Заңды, саяси партиялар туралы, Сайлау туралы заңдарды қайта қарау керектігін айтты. Бұл заңдар қазір дамуымызға кедергі келтіріп отырғаны аян. БАҚ туралы шынында да қайта қарау керектігі пісіп жетілген талап. Сіз бен біздің ілгері дамуымызға аяққа тұсау болып отырған баптар БАҚ заңында баршылық. Сол сияқты шерулер мен митингілер өткізу талаптарын түбегейлі қарау- уақыт талабы. Қоғамды толғандырып отырғаны –білім беру саласы. Отыз жылдан бері неше түрлі реформалардан көз ашпай келеді. Көп балалы отбасы, тұрғын үй мәселесі секілді толғантар сауалдарды біз рет-ретімен алдағы отырыстарда қоятын болып келістік. Бірақ осы соңғы мәселелермен бізсіз де, бізден бұрында Үкімет айналысып жатқаны белгілі.Сондықтан біздікі оларды қайталау емес немесе көшенің айқайы емес, салиқалы-салмақты болмақ.Рас алғашқы кезде қоғам Кеңес жұмысына сенімсіздік білдірер. Бірақ нақты нәтижелері шыққанда, сенім ұялататыны анық болады.
-Президенттің сөзін өз аузынан естідіңіз, жүрекке жылы тигендері қандай?
– Мемлекет басшысы қарапайым да ашық әңгіме өткізді. Кеңес мүшелері өздерін еркін сезінді. Бұл орайда:" «Мемлекет өз азаматтарын тыңдай білуі тиіс. Ең бастысы тыңдауы керек. Ұлттық кеңестің әрбір мүшесінің өзіндік пікірі мен ұстанымы бар. Бұл дамыған азаматтық қоғам үшін қалыпты жағдай. Ұлықтау рәсімінде «Әралуан пікір – біртұтас ұлт. Шын мәнінде, баламасыз, бастамасыз және белсенділіксіз даму болмайды. Осы үш кит ілгерілеуді қамтамасыз етеді» деген сөзімді негізге алуымыз қажет", – дегені көңілге жылы ұялады.
–Әлеуметтік желілердегі қауесет,өсек-аяңға да бей-жай қарамады.
– Барша жұрт естіді ғой. Президент: «Соңғы уақытта шетелдіктерге жер сатылады немесе шетелдік 55 ескі зауыт ауыстырылып, шетелдік жұмысшылар тартылады деген қауесет тарап жүр. Біздің халық мұндай нәрсеге еріп кетпеуі керек. Мұндай қауесеттерді адамдардың, соның ішінде эмоцияға ерік беретін, эпатажды азаматтардың патриоттық көңіл-күйлерін сенімді басқаратын арам пиғылдылар өз мақсаттарына жету үшін таратады. "Кейде кейбір ұрандар мен үндеулер өте тартымды көрінеді, бірақ олардың авторларының ел алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ.
Біздің халық ақылды және өз санасымен өмір сүре алады. Биліктің басты мақсаты қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсаты мен міндеттерін түсіндіру.
Дұрыс ақыл мен ұсыныстарды тыңдап, ескеру қажет. Тағы да қайталап айтамын, жерді біз ешкімге бермейміз және әрдайым азаматтарды тыңдаймыз. Халық бізден нақты ұсыныстар мен нәтиже күтіп отыр, – деп түйді.
-Әңгімеңізге рахмет!