Алдан күтер үміт көп
Облыс шаруаларын толғантқан мәселе жетерлік. Өткен жылғы күзгі егін орағының өзі өңір диқандарына аз кедергі келтірген жоқ. Бұдан сабақ алмаса болмайды. «Қазақстан фермерлер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының есеп беру жиналысы осындай бірқатар мәселелерді қаузады. Оның жұмысына «Қазақстан фермерлер Одағы» РҚБ төрағасы Жигули Дайрабаев, ҚР ауылшаруашылық министрлігінің департамент директоры Азат Сұлтанов және басқалары қатысты.Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, өткен жылы ауылшаруашылық саласында 374,8 млрд теңгенің өнімдері өндірілген. Оның ішінде мал шаруашылығы 121,6 млрд теңге, өсімдік шаруашылығы 251,4 млрд теңгенің өнімдеріне қол жеткізді. Салыстырмалы түрде айтқанда, бұрнағы жылдарға қарағанда егін шаруашылығының түсімі азайған. Бұған былтырғы құрғақшылықтың кесірі тигені белгілі.-Тығырыққа тірелген шаруаларға облыс әкімдігі дер кезінде көмек қолын созды. Яғни, көктемгі дала жұмыстары мен жиын-терім науқанын өткізуге берілген несиелер мен лизингке алынған техникалардың, мал шаруашылығының салалық бағдарламалары бойынша алынған қаражатты қайтару мерзімін ұзартуға септігін тигізді,-деді Ғ.Нұрмұхамбетов.Жиында шаруалар агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың жаңа мүмкіндіктерімен танысты. Сондай-ақ, облыс мал шаруашылығы саласын дамытуда кездесетін мәселелерді, мал шаруашылығын қолдау бағдарламасындағы өзгерістерді бірлесіп талқылады.