Қостанай өнімдері елордада
7-8 қыркүйек күндері «Хан-Шатыр» сауда орталығы алаңында өтетін ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесінде Алматы және Қостанай облыстарының тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынатын болады, – деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Екі өңірден 31 аудан және 6 қаланың тауар өндірушілері өз өнімдерін елордалықтарға төмен бағада ұсынады. Жәрмеңке екі күн бойы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жалғасады. Қостанай облысынан 200 млн теңгенің 380 тонна өнімі сатылымға шығарылады. Сатылатын өнімдер ассортименті бай. Барлық түрдегі ірі қара мал еті, шұжық және еттен жасалған жартылай фабрикаттар – 102,9 тонна, сүт өнімдері – 49,5 тонна, картоп пен көкөністер – 204 тонна, жемістер – 32,2 тонна, балық өнімдері – 15,7 тонна, бал – 0,5 тонна, жарма мен макарон өнімдері – 30 тонна, наубайхана мен кондитерлік өнімдер өнімдер – 20 тонна, жұмыртқа – 20 мың дана, ұн – 50 тонна, басқа да өнімдер – 88,5 тонна.
«Барлық өнімдер санитарлық және ветеринарлық талаптарға сай. Өндірушілерде сатылатын өнімдердің шығуы, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар бар», – делінген хабарламада. Сонымен қатар, жәрмеңке кезінде екі облыстың өнер ұжымдары астаналықтарға концерттік бағдарлама ұсынады.