Қамқоршысы – қара шаңырақ
Осыдан бір ай бұрын «Қостанай таңы» газетінің сайтында «Барар жері, басар тауы жоқ» атты мақала жарық көрген болатын. Мұнда дүниеге келісімен 16 жасар анасы жетімдер үйіне өткізіп жіберген Марат есімді жігіттің ес білгелі бері көріп келе жатқан тауқыметті тағдыры туралы айтылған болатын. Қарабалық аудандық жетімдер үйінен жеті жасында Қостанайға ауыстырылған. Ауыстырылғанда да, кәдімгі жетімдер үйінде орын болмауына байланысты ақыл-есі кем балаларға арналған №2 мектеп-интернатына өткізілген. Бұл мекемеге өткізілгендердің бәрі аты-жөнсіз, тексерусіз психиатриялық ауруханаға бірден тіркеуге алына салады. Кейін бұл мектеп-интернат Маратты колледждердің біріне түсіреді. Ал ол оқу орны оны білім алып болған соң, қолына дипломын ұстатып, жібере салған. Марат Бучиев содан бері, дипломы бола тұра, ешқайда жұмысқа қабылданбаған. Басты кедергі – психатриялық ауруханада тіркеуде тұрғандығы. Содан бері тірліктен ешбір таяныш таба алмай, тағдыры тас-талқан болып сала береді. Айлар бойы қара жұмыстарға жегіліп, көшелерде түнеп, қайыр тілеп, қоқыс тінтіп күнелткен жас жігіт тұманды тіршілігіне арашашы таба алмай тентіреген.
Редакцияға келіп, мұңын айтып жылаған Марат Бучиевтің бізге дейін бармаған жері қалмаған. Екі ай бойы күндіз әр мекеменің есігін қағып, табалдырығын тоздырса, ал түнде далада қоныпты. Соңғы үміті осы қара шаңырақ «Қостанай таңы» екен. Жұрттың айтуымен осында келуді жөн көрген.
Өрімдей қазақ жігітінің шыр етіп дүниеге келгенінен, өмірдің ащы дәмін татып өскені туралы кеңінен тарқатып жазғанбыз. Ғаламторға салынған бойда, бұл материал әлеуметтік желілерде қызу талқылауға түсіп, оқырмандар қатарынан жаны ашып, көмектесуге ниет білдіргендер табылып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен қоңыраулар шалынды.
Мақала жарияланғаннан Мараттың жағдайынан хабар үзбей, бізбен күн сайын байланыста болып жүрген алматылық Айдана Кәрімқұлова кейіпкерімізді кешеуілдетпей Алматыға жіберуімізді өтінді.Құжаттарын қалпына келтіріп, жұмысқа орналасуына, аяғынан тұрып кеткенінше пәтерақысын өз мойнына алып, барынша көмек беретінін айтты. Біздің бірден келісе салудан аулақ болғанымыз рас. Білдей бір тағдырға атүсті қарамай, біраз өзіміз қадағалап көрдік. Өйткені қазіргі заманда небір аты жаман бәлелер бар емес пе? "Құны сұраусыз" деп құлдыққа салып, "болса да адасып жүр" деп діни сектаға итеріп жіберіп жатса, обалы әуелі бізге болар еді. Бірақ… "Әр қазақ жалғызымыз ғой" деп сөз саптаған Айдана өзінің адал пиғылда екеніне сендіре алды.
Айдана Алматы қаласында дизайнер-интерьер болып жұмыс істейді екен. Өзі жас болса да, Маратқа көмектесуге деген ынтасын білдіріп, ағынан жарылды. Асып-тасыған байлығы да жоқ. Ең бастысы, иман байлығы мен жүрегінің кең пейілділігі мол қыз болып шықты. Бар болса да ниеттері ашкөздікпен байлаулы отырған байларға ашынып, үлгі болғысы келетінін айтты.
Көмекке ұмтылғандар арасынан Айдананы жөн көріп, Маратты Алматы қаласына жіберуді ойластырдық. Марат та келісе кетті. Қарсылық білдірердей онда аса таңдау да жоқ еді. Біз де – «Қостанай таңы» газетінің ұжымы қолымыздан келгенше, азын-аулақ қаражат жинадық. Алматыға дейінгі билеті мен жол азығын алып бердік. Қалтасына керек болар деп ақша да салдық. Сөйтіп, жігітіміз Алатау баурайына жол тартты. Пойызға өмірінде алғаш рет мініп отырған Маратпен Алматыға жеткенінше байланыс суытпай, хал-жайынан хабардар болып отырдық.
Осылайша, барлығы ойдағыша іске асып, алматылық қаракөзіміз Маратты күтіп алғанын айтып бір хабарласты, бірер күннен соң оның жалдамалы пәтерге жайғасып, жұмысқа орналасқанын айтып тағы бір қуантып тастады. Одан кейін де Айданамен және Мараттың өзімен де жиі-жиі жөн сұрасып жүрдік. Міне, содан бері бір ай өтті. Марат Алматыдағы дәмханалардың бірінде аспазшы болып істеп жүр. Айтпақшы, ол өзі де бізге аспазшы болғысы келетінін, алайда қолындағы құжаттың кесірінен бұл арманының орындалмай жүргенін айтқан.
Айдана да әуел баста оның қолынан не іс келетінін сұрап алып барып, осы жұмысты тауып беріпті. "Қазір өзіне тиесілі жұмысты жақсы істеуде, пісірген тоқаштары тұтынушылардың көңілінен шығады. Бастықтары мақтап отыр. Жауапкершілігі де мол. Табысы бір басына жетіп-артылады",- дейді Айдана. Мұнымен іс біткен жоқ. Енді Айдана Мараттың құжаттарын жөндетіп, "ақыл-есі түзу емес" дейтұғын еш дәлелсіз, негізсіз берілген анықтаманың көзін жоюға көмектесетінін айтып отыр. Аспаздық бойынша диплом алып алса да артық болмас дейді мың болғыр бойжеткен. Ал, Мараттың көп армандарының ішіндегі ең аяулысы – өмірде бар болса, анасын көргісі, іздеп тапқысы келеді…
Кенже ҚОНЫСБАЙ