Ұсыныс қолдау тапты
Қостанай облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында облыс орталығындағы көшелер атауын өзгерту мәселесі қаралды.
Қостанай қаласындағы Гагарин көшесін Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, Гвардейский көшесін Гагарин көшесі деп қайта атау және Әуежай шағын ауданындағы атаусыз көшеге Дмитрий Герасимовтың есімін беру ұсынысы жасалды. Оны облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова жария етті. Ұсынысты мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады.
Басқарма басшысы даңғыл мен көшелер атаулары жазылған тақтайшаларды ауыстыру жұмысына бюджеттен қаражат жұмсалмайтынын, бұл шара тек демеушілер есебінен жүзеге асырылатынын айтты.
Айта кетейік, Гагарин көшесін Назарбаев даңғылына, Гвардейский көшесін Гагарин көшесіне өзгерту жұмыстары 16 шілдеден басталған еді. 29 шілдеде осы мәселеге қатысты қоғамдық тыңдау өткізіліп, 250-ден астам адам қатысқан болатын. Облыс әкімдігінің ұсынысы 9 тамызда республикалық ономастика комиссиясы отырысында қаралып, комиссияның барлық мүшелері тарапынан қолдау тапты.
Сондай-ақ, білікті дәрігер Дмитрий Герасимовтің есімін жаңа көшеге беру ұсынысы да көпшілік қолдауына ие. Ол – дәрігерлер әулетінің үшінші буын өкілі, "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" атағының, "ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін" төсбелгісінің иегері. Д.Герасимов 2019 жылдың қаңтарында дүниеден озған еді.