«АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Жемқорлық тәуекелі мен әкімшілік кедергілердің алдын алуды көздейтін «Қостанай – адалдық алаңы» жобасының 4 айлық жұмысы қорытындыланды. Облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк төрағалық еткен жиында аталған жоба аясында автокөлік транспорты, сәулет және қала құрылысы, табиғи ресурстарды пайдалану салалары бойынша жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижелері талқыланып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіру мәселесі сөз болды.
Қоғамдық ұйымдардың «құпия сатып алушылары» жыл басынан бері мемлекеттік мекемелерге 47 рет барып, 82 құқық бұзу дерегін анықтаған. Сапалы мемлекеттік қызмет көрсетудің маңызды құралының бірі – тұрғындарға кеңес беру. Алайда Қостанай қаласы мен Қостанай ауданының сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімдерінің мамандары алдына келген кісіге шаруаның мән-жайын түсіндіріп, кеңес беруден бас тартқан. Ал Жолаушылар транспорты және автокөлік жолдары басқармасының маманы кеңес сұрап келген тұрғыннан көлігінің техникалық тексерістен өткенін растайтын құжат талап еткен. «Қостанай облысының азаматтық альянсы» қоғамдық қорының жетекшісі Динара Өтебаева осы жайттарды тізе келіп, аталған мекемелерге анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныс хат қалдырғанын айтты.
Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы Гүлнар Шағырова «Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бүгінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жетілдіру мәселелерін талқылайтын маңызды сұқбат алаңына айналып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, автокөлік транспорты, сәулет және қала құрылысы, табиғи ресурстарды пайдалану салалары бойынша тұрғындарға 30 қызмет түрі көрсетіледі. Өкінішке орай, аталған үш салада да кемшілік бар. Әсіресе, кәсіпкерлердің инженерлік желіге қосылуы қиын. Мәселені шешуге аудан-қалалардың әкімдері атсалысуы тиіс», – деді басқарма басшысы. Г. Шағырова конкурстар өткізу және лимиттер мен квоталарды бөлудің ашықтығы туралы мәселе көтерді. Заң бойынша, жеке немесе заңды тұлғалар өздеріне бекітіліп берілген алқаптарда немесе су айдындарында аңшылық немесе балық шаруашылықтарын жүргізуге құқылы. Олар рұқсат қағазын алу үшін табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүгінеді.
– Бұл саладағы конкурс ескі тәсілмен өтеді. Ұйымдастырушылар дауысты қағаз конверттермен санап, салыстырмалы кестені қолмен толтырады. Бұл уақыт шығындаумен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелін тудырады. Аңшы немесе балықшы жең ұшынан жалғасып тамыр-танысы арқылы алқапқа ие болуы мүмкін. Бүгінде «электрондық мемлекеттік сатып алу», «Е-минфин» сияқты заманауи платформалар бар. Мемлекеттік мекеме конкурстарды онлайн түрде өткізуі керек. Бұл уақыт пен бюджет қаржысының үнемделуіне, конкурстың ашық әрі әділ өтуіне әкеледі, – деді Г. Шағырова.