Көгілдір отынсыз қала тұрғындары
Редакциямызға облыс орталығындағы «Колесные ряды» шағын ауданының Красный кузнец, Пионерский, Юный боец қатарлы бірнеше көшесінің тұрғындарынан арзу хат келіп отыр. 47 адам қол қойған хатта аталған көшелерге әлі күнге газ құбыры тартылмағаны, Тобыл дарияға жағалай орналасқан олар күні бүгінге дейін пеш жағып отырғандарын айтып шағымданады.


Айтпақшы, 20 жыл бойы табиғи газ отынына қол жеткізе алмай келе жатқан «өркениеттен алшақ» қала тұрғындары облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің де атына хат жолдадық дейді.


«Облыстық энергетика және ТКШ басқармасы Қостанайдағы «Колесные ряды» ауданын көгілдір отынмен қамту жөнінде жобалық-сметалық құжатын әзірлеп, сараптама қорытындысын алды. Енді бұл құжат біздің құзырымызға беріледі. Жобаны орындау 2020 жылға жоспарланып отыр. «Колесные ряды» шағын ауданының тұрғындары атынан келген хаттағы Красный кузнец, Пионерский, Юный боец көшелерінен бөлек, Буденов көшесін қосқанда 4 көшенің 190 үйіне газ құбыры тартылатын болады. Жоба жұмыстарының құны 76 миллион теңге», – дейді Қостанай қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Нұрәли Есіргепов.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ