Ер еңбегі еленді
Облыс орталығының 140 жылдығы қарсаңында қала және облыстың құрметті азаматтары анықталды. Мәртебелі атаққа ие болғандарды аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов құттықтады.
Облысымыздың құрметті азаматтарының қатары биыл төрт адаммен толықты. Олардың кандидатурасы облыстық мәслихаттың сессиясында бекітілді. Атап айтар болсақ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ақын, Жолбарыс Баязид, облыстың ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға үлесін қосқан Серікбай Бисетаев, мемлекеттік қызмет ардагері Ризван Муртазин, Қазақстанның құрметті заңгері Сергей Жалыбинге "Қостанай облысының құрметті азаматы" атағы берілді.
Сондай-ақ, «Қостанай қаласының құрметті азаматы» атағы журналист, жазушы Ғұмар Ахметчин, журналист философия ғылымдарының докторы Қалқаман Жақып, журналист, мәдениет қайраткері, ақын Нағашыбай Мұқатовқа берілді. Мәртебелі атаққа ие болғандарға «Қостанай қаласының 140 жылдығы» логотипімен сағаттар сыйға тартылды.
Мереке қарсаңында облыс әкімі көпбалалы отбасылар мен жетімдерге пәтер кілттерін тапсырды.
Салтанатты шара еліміздің эстрада әншілері мен ресейлік әртістердің концертімен жалғасты. Атап айтқанда, қазақстандық "Формат" тобы мен Қайрат Баекенов, Сүндет Байғожин және ресейлік әнші Митя Фомин қостанайлықтарды құттықтады.
Суреттерді түсірген Б.Ахметбеков.