ЖАЛАҚЫМЫЗ ЖАҚСАРДЫ ДЕЙДІ
ӨСІМ – 1,5 ЕСЕ
Ел экономикасын талдап, болжам жасап жүргендердің уәжіне құлақ асар болсақ, жылдың екінші жартысында орташа жалақы 186,5 мың теңгеге көтеріліпті. Бұл жайында "Finprom.kz" сараптамалық порталы хабар таратуда.
Сарапшылардың мәліметінше, биылдыққа елдегі орташа жалақы 15 пайызға өскен. Ал жалақының нақты өсуі (инфляцияны есепке алғандағы сатып алу қабілетінің өсуін ескергенде) шамамен тоғыз пайызды құраған. Мамандардың пайымдауынша, бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш.
"Жыл басынан бері ең төменгі жалақы 1,5 есеге артты. Жалақысы төмен қызметкерлерге салынар салық жүктемесі 10 есеге төмендеді. 1 маусымнан бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30 пайызға дейін көтерілді. Қазіргі таңда, ең төменгі айлықты місе тұтып келген 1,1 миллионнан астам жұмысшының еңбек ақысы орташа алғанда 31 пайызға жоғарылады", – деп хабарлады сарапшылар.
Табыс өсімінің жоғарғы шегі әдеттегідей, Атырау облысына тиесілі. Бұл жақта орташа жалақы 325 мың теңгеге жетіпті. 2018 жылдың дәл осы мезгілінде мұнайлы өлкенің орташа табыс мөлшері 291 мың теңге шамасында болғанын айта кеткен жөн. Одан кейінгі тізімді Маңғыстау облысы (289,6 %) мен Нұр-сұлтан (287,7 %) қаласы толықтырады. Алматы қаласы (227,4 %) мен Батыс Қазақстан облысындағы (181,6 %) табыс та жақсарған көрінеді.
ТӨМЕНГІЛЕР ТІЗІМІ
Ең төменгі жалақы Жамбыл, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі. Ақмола облысының да оңып тұрғаны шамалы. Бұл жақтың тұрғындары 140,4 мың теңге табыс табатын көрінеді. Ал қостанайлықтардың орташа жалақысы көрші өңірден бақандай 4 мың теңгеге жоғары. Біздегі орташа жалақы мөлшері – 144 800 теңге.
Республикалық орташа табыс көрсеткішінен тек, төрт облыс, атап айтқанда: Атырау облысы (74 %), Маңғыстау облысы ( 55 %), Нұр-сұлтан қаласында (54 %) және Алматыда (22 %) жоғарылаған. Жалақы мөлшерін арттыру мақсатында, астықты аймақта да ауыз толтырып айтарлықтай істердің тындырылып жатқанын айта кеткен абзал.
Мәселен, біздің облысқа "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасын табысты іске асыру үшін 2018 жылы 7,6 млрд. теңге бөлініпті, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 38,2% артық көрінеді (5,5 млрд. теңге).
Нәтижесінде, 2603 адам кәсіптік оқуға, 6126 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына және қоғамдық жұмыстарға жіберілген. 1196 адам өз істерін ашуға және кеңейтуге микрокредиттер алып, 2 мыңнан астам адам "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерліктің негіздері бойынша оқытудан өтті.
Облыс әкімінің жыл басында ел алдында берген есебіне жүгінер болсақ, аймақта әзірленген Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары шеңберінде 30,6 мың адам жұмысқа тартылған. 39,6 мыңнан астам азамат 1,4 млрд. теңге сомасына әлеуметтік көмек алды.
ӨСІМГЕ КҮШ САЛЫНДЫ
Тұңғыш президенттің жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек-ақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту жөніндегі екінші бастамасын іске асыру бойынша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап облыста 63125 теңге және одан төмен жалақы алатын 57,2 мың адамның салықтық жүктемесі азайтылды (жалпы сомасы 1,6 млн. млрд. теңге).
Меншіктіктің барлық түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарда шамамен 37,0 мың адамның ең төменгі жалақысы 1,5 есе көбейтілді. Жұмыскерлердің жалақысын көтеру туралы бастаманы облыстың 2,0 мыңнан астам кәсіпорындары қолдады, оларда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 58 мыңнан астам жұмыскердің жалақысы ұлғайтылды. Осы тектес ауқымды жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде, жалақы өсімі жөніндегі тізімнің (басынан емес) аяғынан санағанда бесінші сатысына тұрақтаған екенбіз.
Ал жоғары жалақыны кім алады десеңіз, әрине, ол – қаржы және сақтандыру саласының қызметкерлері. Айтулы мамандық иелері орташа есептегенде, ай сайын 458 мың теңге табыс табады екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артық. Тау-кен өнеркәсібі саласындағы орташа айлық 387 мыңға тең (жылына+2,7 пайыз). Кәсіби, ғылыми және техникалық қызметкерлерлердікі – 315 мың теңге (+9,6 пайыз). "Finprom.kz" порталының мәліметтері рас болса, ақпарат және байланыс мамандары – 275 мың теңге, құрылысшылар – 233 мың теңге кіріс кіргізеді екен.
Жалпы, жалақыдан жалақыға дейін белді буып жүрмес үшін, кәсіппен айналысқан абзал. Бұл мақсатта, елімізде барлық жағдайдың жасалғаны белгілі. Біздің өңірімізде ғана, "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының" екінші бағыты шеңберінде шағын және орта бизнес субъектілерін шағын несиелендіруге 2,1 млрд теңге қарастырылған болатын. "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" шеңберінде қосымша тағы 1,0 млрд теңге бөлінді. Қаражат толығымен игерілді. Несиелендіруге іліккен 933 тұлға қазіргі уақытта өз кәсіптерін дөңгелентіп отыр. Мемлекеттің берген мүмкіндігін мүлт жібермегендердің айлықтан айлыққа дейін ауыз буып жүрмегені айдан анық. Ендеше, сол кәсіпкерлердің қатарына сіз де қосылыңыз.