ТАБЫСТЫ ТЕХНИКА ТАБАДЫ
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігіне барды.
Рудныйға сапар Соколов кенішінен басталды. Кен орны қаланың іргесінде, солтүстікке қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан. Кенді ашық тәсілмен өндіру тарихы дәл осы жерден басталған. 1955 жылы 13 қаңтарда тау жынысының алғашқы шөміші тиелді. Содан бері өндіріс тоқтаусыз жүріп жатыр.
Кеніштің көру алаңында ССКӨБ президенті Береке Мұхаметқалиев ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминге жаңа «Ақылды фабрика» жобасын таныстырды. Ол Қашар кенішінің алаңында жоғары сапалы концентрат өндірудің толық біріктірілген циклін салуды көздейді. 2017 жылы осы жерде 4.0 Индустриясының технологияларын енгізу басталды. ССКӨБ-тегі аршу-жүктеу жұмыстарын оңтайландыру мақсатында «Тау көлігі кешенін автоматты басқару» жүйесі мен «Ақылды кеніш» жобасы енгізілді.
– Техникалық қайта жарақтандыру бізге экономикалық тиімді жобаларды табысты дамытуға мүмкіндік береді. Осылайша еліміздің тау-кен металлургиялық кешенінің бәсекеге қабілеттігі нығаяды, – деді ССКӨБ президенті Береке Мұхаметқалиев.
Заманауи фабрика – бұл қызметкерлер үшін үздік еңбек жағдайы, жаңа жұмыс орындары, жоғары қауіпсіздік пен экологиялық таза жұмыс процесі, қызметкерлер біліктілігінің артуы.
Премьер-Министр ССКӨБ инновациялық технологияларды енгізу бойынша алғашқы болып жауапкершілікті алған, осы арқылы басқаларға тамаша үлгі көрсеткен кәсіпорындардың бірі екенін атап өтті. 4.0 Индустриясының элементтері тау-кен өнеркәсібінде одан әрі қолданыла бермек. Бұл кәсіпорындардың өркендеп дамуына және әлемнің көптеген аймақтарында өз бизнесін жүргізуіне жол ашады.