Ұлттық төлем жүйесі іске қосылады
Президент төрағалығымен өтіп жатқан Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов төлем карталарының банкаралық және жедел төлем жүйесі іске қосылғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2021 жылғы қарашада Ұлттық банк ұлттық төлем жүйесінің құрамдас бөліктері – карталық операцияларды өңдеуге арналған банкаралық төлем карталары жүйесін және мобильді онлайн төлемдерге қызмет көрсетуге арналған жедел төлем жүйесін пилоттық режимде іске қосты.Ұлттық төлем жүйесі жұмыс істеуі үшін қажетті нормативтік-құқықтық база әзірленді, ол 1 шілдеге дейін толық іске қосылады деп күтіледі", – деді Пірматов.
Оның айтуынша, 2021 жылы Ұлттық банк "цифрлық теңгені" енгізу пилоттық жобасын қолға алған.
"Қазіргі уақытта платформаның прототипін әзірлеу аяқталды, 2021 жылдың желтоқсанында пилоттық жобаның нәтижелері туралы қорытынды есеп жарияланды. Биыл пайда мен шығындарды бағалай отырып, цифрлық теңгені енгізу моделі бойынша түпкілікті шешім қабылданады", – деп қосты ол.
Сондай-ақ, Пірматов зейнетақы активтерінің мерзімінен бұрын алынғанына қарамастан өскенін айтты.
"Зейнетақы активтері 2,6 триллион теңге (1 ақпандағы жағдай бойынша 2,7 триллион теңге, оның ішінде 2022 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша 87,6 миллиард теңге) сомасында зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға қарамастан, 152 миллиард теңгеге – 1,2 пайызға – 13 триллион теңгеге дейін өсті", – деді ол.