Әсем қала – Лисаков!

     Бүгінгі жұма мерекеге толы.  Қостанай қаласы 140 жылдығын атап өтіп жатса, Лисаков қаласы 48 жылдығын тойлап, тұрғындары мен қонақтарына тамаша мерекелік көңіл күй сыйлауда. Мерекеге сай қала көшелері ерекше безендіріліпті. Түрлі-түске боялған үйлер, аспа шаммен және түрлі бұйымдармен безендірілген көшелер мұндағы халықтың сүйікті шаһарына деген ыстық ықыласын аңғартып тұрғандай. Жалпы, өркениетке кең өріс ашып, күн сайын көркейіп келе жатқан қаланың көркі қуантады.
лисаков-2
     Ақындар жырға қосқан
    Қалаға кіре берісте киіз үй құрылып, ұлттық киім киген қыз-жігіттер қонақтарды әсем әнмен қарсы алып, бай дастарқаннан дәм таттырып жатты.
    –Тойға дайындық ерекше. Қонақжайлық танытып, қонақтарды осы жерден қарсы алып жатырмыз. Әсіресе, шет елден келген қонақтар киіз үй ішін тамашалап, суретке түсуде, – дейді Ақбөпе Сатыпалдина.
    Ал тойдың басы “Сәлем, әсем қала – Лисаков!” атты републикалық ақындар айтысымен бастау алды. «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында бір күн бұрын өткен жыр додасына еліміздің әр өңірінен бірнеше ақын келді. Сөз додасына қатысқан ақындар ұлттық өнерді ұлықтады. Бір күн бойы көрермен мен тыңдарманын ерекше думанға бөлеген айтыстың орны ерекше. Айтыстың бас жүлдесін арқалықтық дүлдүл ақын Айбек Қалиев иеленді. Бірінші орынды рудныйлық Ғалымкерей Кенжеғозин, екінші орынды ақын қыз Салтанат Өтелбаева және үшінші орынды Көкше жерінен келген Екпін Сәбетхан қанжығасына байлады.
 
    Ел игілігі үшін
    Қаладағы бірінші мөлтек ауданда жаңадан саябақ ашылды. Бұл жерде қарағай қалың өскен, ауасы да тамаша. Бұл ағаштар сонау 1975 жылдары отырғызылған. Кейін келе еш қараусыз қалып, қаланың сынын бұзып, тұрғындарға да ыңғайсыздық әкелетін. Биыл қала басшылығы жергілікті кәсіпкерлермен мемарандум жасап, қараусыз қалған саябақты жөндеп, көпшілік демалатын орынға айналдырды. Жөндеу жұмыстарына кәсіпкерлер 22 млн теңге қаражат жұмсаған.
    –Бүгінгі қала күнінде біз қалалықтар үшін тамаша сыйлық жасап отырмыз. Көп жылдардан бері қараусыз қалған орын екі ай ішінде жөнделіп осындай тамаша саябаққа айналып отыр. Жергілікті кәсіпкерлер мен жергілікті билік арасында мемарандум жасалып қала тұрғындарына демалыс орнын аштық, – деді қала әкімі Алмат Исмағұлов.
Қалада сонымен қатар Мемлекеттік қызметкерлер аллеясы да ашылды. Келер ұрпаққа аманат ретінде «Уақыт капсуласы» салынды. Бұл салтанатты шараны қала әкімі Алмат Исмағұлов мемлекеттік қызмет ардагері Владимир Роудқа табыстады.
    Қаланың  орталық алаңы нағыз той-думан алаңына айналды. Ұйымдастырылған түрлі спорт ойындары, жарыстар, салт-дәстүрімізге тән жөн-жоралғылар, сауда-саттық, түрлі көрмелер мерекенің мәнін ашты. Орталық алаңда «Той думан» атты қалалар мен аудандардан келген шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік бағдарлама өтіп жатты. Әннен шашу шашылды деп хабарлайды Лисаков қаласында арнайы іс-сапармен жүрген тілшіміз Айтолқын Айқадамова.
DSCN4526 DSCN4569 DSCN4578 DSCN4603 DSCN4612

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓