Сауын айтар той алда

Тәуелсіздіктің отызыншы белесін шекарадағы Қарабалық ауданы ауыз толтырарлық жетістіктермен қарсы алып отыр. Мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру аясында ауданымызда жолдарды жөндеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саланы дамыту мәселелері шешілуде. Мұның барлығы Елбасының тікелей бастамасымен және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес ауылдың дамуына көрсетілген зор қолдау, экономика мен әлеуметтік саясаттың нығаюына жаңа серпін екені анық. Пандемия жағдайында қабылданған шектеу шараларына қарамастан, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері оң нәтижелерге қол жеткізді.
Жыл басынан ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары 3,8 млрд теңгенің өнімін өндірген. 7,2 млрд теңге инвестиция құйылса, жеке инвестициялардың үлесі 5,1 млрд теңгені құрап отыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 1,8 млрд теңгені құрады, 2,7 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 39 млрд теңгеге жеткен. Өңірлік коммуникация орталығында Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықов осы өңірдегі және өзге де жетістіктермен бөлісті.
– Биыл жаздық егіс алқабы 251 мың га құрады, оның ішінде 197 мың га – дәнді және дәнді-бұршақты, 54 мың га – майлы дақылдар. Соңғы бес жылда егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдар егістігі жиырма, жемшөп дақылдарының үлесі 13%-ға дейін ұлғайды. Өнімділікті арттыру мақсатында аудан шаруалары 4,6 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыштар сатып алды. Материалдық базаны нығайту үшін ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің машина паркі 105 жаңа техникамен толығып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызды рөл атқаратынын атап өткен жөн. Диқандар 2,2 млрд теңгеге жуық субсидияға ие болды, – деді Р.Халықов.
Пандемия жағдайына қарамастан, ауданда кәсіпкерлікті дамыту жұмысы жоспарлы жүргізіліп жатыр. 1,4 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі болса, салаларды жеңілдікпен несиелеуге арналған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 8,3 млрд теңгенің 10 жобасы жүзеге аспақшы. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде жалпы сомасы 636,5 млн теңгеге 29 жоба мақұлданған. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген 16 кәсіпкер жалпы сомасы 54,3 млн теңгеден астам жеңілдікпен несие алыпты.
Үстіміздегі жылы өңірдегі 19 көше орташа жөндеуден өткізілсе, оның 14-і Қарабалық кентінде, Научный мен Станционный елді мекендерінде екі көшеден, Новотроицк ауылында бір көше және құс фабрикасы мен мал сою пунктіне кіреберіс жолдарға 918 млн теңге жұмсалып отыр. Аудандық маңызы бар 560 шақырым жолдың 25 шақырымы асфальтбетон жабынымен 750 млн теңгеден астам сомаға жөнделіпті. Соның ішінде «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 2020 жылдан бастап «Тоғызақ – Бөрлі – Михайлов– Бозкөл 0 – 25 км» автомобиль жолын орташа жөндеу бойынша өтпелі жобаны іске асыру аяқталған.
– Бүгінгі таңда біз «Қарабалық – Сарыкөл 21,8 км», «Бөрлі – Песчанное 14,5 км» жолдарын орташа жөндеуге бюджеттік өтінімдерді жолдадық. Жалпы ұзындығы 79 шақырым жол бойынша жобалар әзірлік үстінде, ол «Песчанное – Славенка», «Новотроицк – Мағнай станциясы», «Бөрлі – Михайлов – Бозкөл станциясы» және Тоғызақ пен Станционное ауылдарына кіреберіс жолдары. Сонымен қатар, Қарабалық кенті мен ауылдық округтердегі ауылішілік жолдарды орташа жөндеу бойынша 22 жоба әзірленді, – деді аудан әкімі.
Ауданда қазір 44 елді мекеннің 12-сі орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Новотроицк, Станционное, Бозкөл ауылдарына тіршілік нәрін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бүгінгі күні сараптама мақұлданған екен. Осы жобаларды іске асыру халықтың жалпы санының 67%-ын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Сонымен қатар, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2025» бағдарламасы аясында Қарабалық кентінде ана тілімізде оқытатын 320 орындық мектептің құрылысы басталған. Жобаның жалпы құны 1,1 млрд теңгеден асады. Құрылыстың келер жаңа оқу жылының басында аяқталады деп жоспарланған.
Ал алдағы жыл Алашқа белгілі көрнекті тұлға, қазақ журналистикасының атасы, тұңғыш кәсіби жорналшы әрі газет редакторы, ақын, көсемсөзші Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдық мерейтойы. Үлкен науқанға әзірліктің биылдан басталып кеткені жайында бұған дейін газетімізде жазылды: Өрнек ауылындағы бейіті жаңартылды, Қарабалықтағы Мұхамеджан Сералин көшесіне жөндеу жүргізілді және естелік стела орнатылды, қайраткер ескерткіші аумағы абаттандырылды.
Біз өз тарапымыздан келер жылғы мерейтойға орай Қарабалық елінде қандай шаралар қолға алынбақшы деп аудан басшысына сауал қойдық.
– Қазіргі таңда осы бір үлкен науқанға орай өңірдің ел ағалары, құрметті азаматтары бар жұмыс тобы құрылды. Олар алдағы шараларға қатысты айына екі рет отырыс өткізеді, ақылдасады, жоспарлар құрады. Осы науқанның негізінде біртуар тұлғаның «Гүлқашима» және «Топжарған» поэмаларын орыс тіліне аудару шаруасы тұр. Сондай-ақ, республикалық ақындар айтысы, басқа да іс-шаралар өткізу жоспарымызда бар, – деді Руслан Болатұлы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓