Кәсіпкер болам десеңіз…
«Nur Otan» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты кәсіпкерлік негіздерімен таныстырмақ. Бұл бастама «Бизнес ментор» жобасы аясында жүзеге асырылады. Келелі жоба Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапханасындағы жаңадан ашылған білім орталығында өтті. Сұрақ-жауап алаңында жас кәсіпкерлер, бизнес бастаудың сырымен бөлісіп, Нұрберген Сәрсенов пен Бақытгүл Ыбыраева кәсіп бастағысы келетіндерге кеңес берді.
– Студенттік шағымда пайдаға кенелудің жолдарын іздестірдім. Алайда, тәжірибе болмағандықтан неден бастайтынымды да білмедім. Фото және бейне саласы мені қызықтырғандықтан, осы саладан бастауды жөн санадым. Біртіндеп, бизнесімді кеңейтіп бүгінде шағын кәсіп иесі атанып отырмын, – деді жас кәсіпкер Нұрберген Сәрсенов.
Нұрберген бүгінде полиграфия саласындағы кәсіпті дамытып жүр. Алдағы уақытта жас жігіт бизнесін өзге де аймақтарда жалғастырмақ ниетте. Одан кейін, «Okay» тілдерді оқыту орталығының жетекшісі Бақытгүл Ыбыраева да шет тілін оқудың өзектілігін, әрі ол арқылы қалай пайда табуға болатынын айтты. Өңірлік «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Әділ Дикетаев «Бизнес ментор» жобасы жастар үшін тиімді, әрі кәсіп бастауына сеп болатынын атап өтті.
– Жастарды кәсіпкерлікке баулып, қазіргі күннің трендіне айналған бизнес жайлы айту жастар үшін қызықты болатыны анық. Қазіргі бәсекелестік қарқын алған заманда "Ментор керек пе?" деген сұрақ көп кәсіпкерлерді мазалайтыны рас. Негізі ментордың басты жұмысы сіздің ойыңызды бір бағытқа бұрып, сіз білмейтін, көрмейтін мүмкіндіктермен таныстырып, кеңес беру. Менторыңыздың тәжірибесі мол, беделді адам болса, сіздің де табысты адамдармен танысуыңыз, байланыс орнатуыңыз жеңіл болады. Осы мақсатта жастарға бағыт-бағдар сілтеу мақсатында біз осы жобаны қолға алып отырмыз, – деді «Nur Otan» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Әділ Дикетаев.
Кездесудің мақсаты – жастарға “қазіргі нарықтың сұранысына сай "Кәсіпкерлердің идеалы қандай болу керек?" деген сұраққа жауап беру. ЖОО, колледж студенттері мен мектеп оқушылары кездесу барысында жеке кәсіптің жан-жақты қыр-сырын меңгеруге деген қызығушылықтары бар екенін байқатты.