Қолдауды күттірер мәселелер

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ауылдарды дамыту науқанының осы және өзге де тетіктеріне тоқталды.
– 2021 жылы «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде 4,3 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер беруге 18,2 млрд теңге берілді. Бұл ретте Қостанай облысы бойынша тұрғын үй сатып алуға бөлінген бюджеттік несие 1,1 млрд теңге (282 маман). Биыл да Тобыл өңіріне 246 маманға деп 1,1 млрд теңге қарастырылған, – деді Ә.Қуантыров.

– 4,6 млн теңгеге облыс орталығынан 250-300 шақырым жердегі елді мекендерден үй-жай сатып алуға болады. Ал қалаға жақын маңайдан бұл сомаға баспана алу қиын. Көптеген жас мамандар, әсіресе, медицина қызметкерлері осындай машақатқа тап болуда. Қазір аудандарда есептік кездесулер өткізіп жүрмін. Жас мамандар осы мәселені қайта қарауға өтініш білдіріп жатыр. Осы себепті, аймақ бюджетінен жас мамандарға қосымша көтермеақы төлеу жағын қарастырып жатырмыз. Мәселен, ауылдық жерлерге келген тапшы мамандарға 5 млн, қалаға келгендерге 3,5 млн теңге. Бұл соманы әлі де арттыруымыз мүмкін. Осы мәселе білім саласына келетін мұғалімдерге де қатысты. Сонда облыс бюджетінен тағайындалатын 3,5-5 млн теңге жәрдемақы үкімет тарапынан берілетін біржолғы 306 мың көтермеақыдан он-он бес есеге асып жығылады екен, – деді А.Мұхамбетов.
Өңір басшысы көтерген тағы бір мәселе – «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасындағы шағын кәсіпкерлікті субсибдиялауға қатысты. Біздің аймақта мұндай жеңілдік қарқынды жұмыс істеп тұр, кәсіпкерлердің бағдарламаға қатысу белсенділігі жоғары әрі кепілдендіру жағынан республикада алдыңғы бестікке кіреді екенбіз. Сол себепті, қазіргі уақытта бизнес саласын субсидиялауға тағы 2,7 млрд теңгеге жуық қаражат керек. Үкімет өкілінен осы жағын қаржыландыруды қолдауды сұрады.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.