Қара қазанның қасиеті

…Бұл қазанды бірінші рет халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінде көрдік. Алыс-жақыннан келген саяхатшылар жаңа піскен бауырсақтың дәмін татуға кезекке тұрды. Сол күні қазанның иесі – кәсіпкер Жұмағали Арыстанды сөзге тартқан едік. Ағамыз екі ғасырдан астам уақыт қолданылып келе жатқан әлгі қара қазанның тарихынан тыс, қазаққа қатысты тың жобалардың шетін шығарды. Бірақ, асығыс болды ма, әңгіме аяқсыз қалған-ды.
Осылайша, кәсіпкерді іздеп, Федоров ауылына бардық. Ел астанасында қаласында басталған әңгіме қайта жалғасты.
 
8aa0f96e242042e08f7e11957d432312_crop_l_15_t_100_w_1086_h_659
 
Диірмен басында
 
1980 жылдардың соңы, елде экономикалық құлдырау орын ала бастаған шақ. Үй-ішін асырап, жан бағу үшін әркім өздігінше тырбанып еңбек етіп жатты. Әскерден келген жас жігіт Жұмағали жергілікті автобазаға шопыр болып жұмысқа кіреді. Арада бірнеше жыл өткен кезде елде кооперативтер құрылды. Қара жұмысқа әбден жегілген Жұмағали Ерсұлтанұлы кәсіп ашуға тәуекел етеді.
– Федоровта мемлекеттің меншігіндегі шағын диірмен болатын. Бөліп төлеймін деп, соны сатып алдым. Сол кезде бұл тірлігіме әкем мен шешем бір ауыз сөз айтып, қарсы шыққан жоқ. Олардың маған сенгенін кейін білдім ғой, – дейді Жұмағали ағамыз. – Сонымен, ескі диірменді алдым. Оның толық жұмыс істеуіне қажетті бөлшектерін ауылдағы достарым әкеліп берді. Жетіспейтін жабдықтарын текскеріп, екі-үш күн дегенде іске қостық. Сол диірменнен шыққан алғашқы ұнымды анама ұсындым. Әлі есімде: «баламның маңдай тері» деп әлгі ұннан бауырсақ пісірді. Сол уақыттан бері дастарханымыздан бауырсақ кеткен емес.
Міне, Федоровта ұн өндірісі басталды! Диірмен іске қосылған соң маңайдағы ел бидай әкеле бастады. Жылдар  өте  келе  шаруашылық  дамып, елдің  түкпір-түкпірінен,  Ресейден  Федоров ұн диірменінің өніміне қызығушылық  танытқандар  келе бастады.
WhatsApp Image 2019-08-02 at 18.10.04
 
«Демидов дейсіз бе?»
 
Жұмағали Арыстан ағамыз әлгі қара қазанды 1989 жылы Федоровтағы көршісі Мария әжейдің бақшасынан көрген. Әжей сыйымдылығы 200 литрдей қазанды суға толтырып, күн түсіп, жылыған соң гүлдерін суаратын. Бір күні Жүкең көршісін гүл суаратын қазанын айырбастауға көндіреді.
– Қазан ас пісіруге арналған ғой. Үлкен жиындарда тамақ асуға таптырмас бұйым! Мария әжейге басқа астау бердім де, қазанын өзім алдым. Бір  күні ауданымызға Ресейдің Орал, Екатеринбург қалаларынан серіктестер келді. Қонақтардың  арасындағы көлік жүргізуші  жігіт,  ауламызда тұрған қазанды көзі шалып, оны мұқият  қарай бастады. Іле мені шақырып алып: «Сіз мына қазанның қаншалықты құнды екенін білесіз бе? Бұл жәй дүние емес», –  деп ондағы мөрмен жазылған жылды көрсетті. Расымен де, сол 1775 жыл таңбасына бұрындары аса мән бермеппін, – деп ағынан жарылды ағамыз.
Ресейлік меймандардың кеңесімен қазан арнайы сараптамадан өткізіледі. Ғалымдар мен металлургтердің зерттеуі бойынша және Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университетінде өткізілген зертханалық жұмыстардың нәтижесінде қазанның шынында да өткен ғасырлар жәдігері екенін көрсетті. Ғалымдар мұны Демидовтар заманында жасалған қазан екенін болжап отыр. Қазір оның көшірмесі Нұр-Сұлтан қалалық Достық үйінде тұр.
 WhatsApp Image 2019-08-02 at 18.10.39
 
Елбасы һәм ана сөзі
 
1997 жылы Федоров ауданының әкімі Валерий Шебеда  Жұмағали Арыстанды шақырып  алып,  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының өңірге келетінін жеткізді.  Бюджетте артық ақша жоқ. Ұйымдастыру  жұмыстары кәсіпкердің мойнына жүктелді. Президентпен жүздесу Ащыкөл аумағында өтті. Кәсіпкер өткенді былай еске алды:
– Киіз үй тігіп, сол баяғы қазаныма ас пісірдік. Көл маңына кәсіпкер Николай Сарана  бастаған топ жасанды қарағайлар отырғызған болатын. Елбасының жұмыс жоспары алдын ала белгіленеді. Сол жердегі пионер лагеріне барып, балалармен кездесу ұйымдастырылды. Уақыт  тығыздығына  байланысты  Елбасы кортежі кейін қайтуы тиіс екен. Бірақ, Елбасы бізге қарай жаяу келе жатты. Аң-таңбыз. Бәрі лезде болып кеткендей. Қазақы дәстүрмен қарсы алдық. Киіз үйге кіріп, дастарханды көріп, әкімге: «Мынаның барлығын қай ақшаларыңа әзірлегенсіңдер?» – деді. Әкім мұның барлығы кәсіпкердің ілтипаты екенін жеткізді. Сонда президент маған бұрылып, аты-жөнімді, кәсібімді сұрады. Патшамен  жүздеспестен бір күн бұрын анам Гүлкәшимадан кеңес сұрадым. Ол бастапқыда үндеген жоқ. Мен де артық қазбаламадым. Ертеңіне жұбайымнан: «Апам ештеңе айтпады ма?», – дегенімде: «Ештеңе айтқан жоқ, тек мына бір қағазды ұсынды», – демесі бар ма?! Онда: «Есімім – Арыстан Жұмағали, фирманың аты «Алғабас». Жеке шаруашылығым бар. «Алғабас» деп анам қойған» – деп жазылып тұр екен. Жазбаны төс қалтама салып  қойдым. Таң қаларлығы, Елбасы қойған сұрақтардың жауабы тура апамның маған қалдырған хатында тұрды.
WhatsApp Image 2019-08-02 at 18.10.39(1)
Жұмағали аға Елбасының далада жайылған дастарханнан дәм татуын қара қазанның  қасиетімен байланыстырады.
– Халықтың  жағдайы  мәз  емес, ауыр  кезең.  Мемлекет  басшысына  әлеуметтік  мәселелерді  шешу  қиынға  соғып жатты. Тіпті, зейнетақының да кідіріп тұрған шағы. Оны бізге келген сапарында да ашық айтты. Жайылған мол дастархан мен тұрмысымызды, күрделі шаққа мойымай, кәсібінен нәсібін тауып отырған бізді көріп, бір қуанып қалды. Ал Елбасы ас ішкен қазан маған расымен де бақ әкеле бастады, – деп бөлісті Жұмағали Арыстанұлы.
 
«QazanNAN» – қанатқақты жоба
 
            Жыл басында Қазақстан Халқы Ассамблеясы «Қазақтану» жобасын бастады. Мақсаты – қазақтың тұрмысын, салт-дәстүрін, рухани құндылықтарын елде мекен еткен барша халыққа сіңіру. Өз кезегінде Жұмағали Арыстан Ассамблея мүшесі ретінде ұлтқа қатысты бірнеше ілкімді жобаны өмірке әкелді. Солардың бірі – қара қазанды қастерлеу. Үстірт қарасақ, көп адам көңіл бөле бермейтін нәрсенің астарында терең философиялық мән жататынына кәсіпкердің «QazanNAN» жобасы арқылы көз жеткізуге болады. Аты аталған жоба 2017 жылы Қостанайдағы Наурыз мейрамынан соң бастау алады.
ee8e305ca8dafa6f054b660e8c13b2ce_crop_l_-2_t_488_w_953_h_536_resize_w_1600_h_900
            – Қазақ үшін осы қара қазан қасиетті дүние еді ғой. Орыстарда «Балық берме, қармақ бер» деген мақал бар. Мен соны «Ет асып берме, қазан бер» деп өзгерте айтар едім. Қазаны бар адам оның бос болмауын ойлайды. Осылайша өзінше тірлік жасап, еңбек етер еді. Әр үйде өздері кие тұтатын қазаны, қазанға байланысты дәстүрі болуы керек. Мәселен, біздің әулетте бірінші тамыз күні қайда жүрсек те картоп пісіру қалыптасқан. Барлығымыз елде жүрсек, сол күні бірігіп, бір дастарханнан ас ішеміз. Оның себебі мынада: анам ашаршылық жылдары келін болып түскен адам. Содан алғашқы күні таңға асқа не істерін білмей, бақшадағы шамалы картоптың түбін қопарып әкелген екен. Бұл дәстүр содан қалған. Біздің әулетті біріктіріп тұр ма? Әлбетте! Бұл тағы да сол қара қазанның қасиеті, – дейді ағамыз.
            Жұмағали Ерсұлтанұлы алдыңғы жылдары «Жүз батыр» жобасының нобайын жасады. Айтуынша, бұл өткен мен бүгінгінің арасын, адами құндылықтарды ажыратуға көмектеседі. Ағамыз бұл жобаны әбден пісіп-жетілген соң жарыққа шығаратынын айтты.
 
            P.S. Қара қазан – бірлік пен қонақжайлықтың нышаныі. «Жауласқан мың батырдың найзасының ұшы ерiтiлiп, қазан құйылған екен» деп басталатын аңыз да бар. Бұл  қазанның татулықтың, береке-бiрлiктiң символы ретiнде танылуының себебі болар. Ендеше, қара халықтың асыраушысы, қасиет тұнған қара қазанды қастерлей білейік!
 
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓