Бала тағдыры – болашақ тағдыры
Nur Otan партиясы жанынан құрылған балалар құқығын қорғау жөніндегі көшпелі сараптамалық жұмыс тобы нысандарда болды. Айта кету керек, Қостанай қаласында 18 жасқа дейінгі 59 696 бала бар. Ата-ана қарауынсыз қалған, жетім балаларды тәрбиелейтін арнайы 8 интернаттық ұйым бар.
Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева бастаған топ алдымен арнайы мамандандырылған «Озат» лицей-интернатының жұмысымен танысты.
Инновациялық технологиялар, 3Д модельдеу, робототехника сияқты саланы 169 оқушы меңгеруде.
-Мұндағы оқушылар облыстың әр аудандары мен ауылдарынан жиналған. Басымдық – ауыл балаларына беріліп отыр. Олар конкурстық негізде қабылданды. Мектепте биылдан бастап, робот-мұғалім жұмыс істейді. Жоғары дәрежелі мұғалімдер де қатаң талаппен таңдалды. Мектептің миссиясы – бәсекеге қабілетті, IT-білімді меңгерген оқушыларды даярлау, – деді лицейдің директоры Рамазан Раисов.
Бұдан кейін, жұмыс тобы «Дельфин» балалар үйінде болды. «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында тұрмыстық жағдайлары төмен отбасылардан шыққан балаларға арналған күндізгі топ ашылмақ. Бүгінде балалар үйінде 37 бала тәрбиеленіп жатыр.
Кәмелет жасқа толмағандардың істері бойынша арнайы мамандандырылған ауданаралық сотының жанында отбасыларды қолдау ресурстық орталығы да назардан тыс қалмай, соңғы екі ай бойы консультативтік кеңес беріледі. Нәтижесінде жанұялардан келіп түскен 320 өтініш бойынша психологиялық және заңгерлік көмек түрлері ұсынылған. Медиаторлардың қызметі мен медиация әдістері кеңінен қолданылып келеді. Бұл сотқа дейін дау-дамайларды шешуге өзіндік үлес қосқан.
Сол сияқты, Қостанай облысының жастар ресурстық орталығы да балғындар мен жас жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізу мақсатында заңгерлік және психологиялық кеңес ұсынуға әзір.
Жұмыс тобы «Жанұя» отбасылық үлгідегі балалар үйіне де бас сұқты. Мекеме ата-ана қарқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтендіруге атсалысып келеді.