Сырлы күмбезім

Сырлы күмбезім сырыңды ашар жан таппай,
Сәби көңілім береді неге жалтақтай.
Еңсем де түсіп еңселі тауым шағылып,
Сезінем кейде өзімді шірік жаңғақтай.
 
Көк жиектей көңілде сан ой самсаған,
Сарылып жеткен  сағыныш хатын қарсы алам.
Сүрлеу – соқпағын тосса да тағдыр әліде,
Сені сүйюге өмірім менің бар шамам.
 
Қап-қара түнек ішінде жүрмін тамұқтың,
Жалт қарасам жападан жалғыз қалыппын.
Айқайлап келем үнімді ешкім естімей,
Сыйлады сол сәт жаббарым нұрын жарықтын.
 
Қарлығып тұрмын үнімді ешкім естімей,
Әр күні бір сын тосатын мені кескілей.
Түйелі көшін жылдармен жылым жылжытып,
Сабылып жатты сағымша сайрап есті жей.
 
Сарқылып шыдам темір төзімім жұқарып,
Қайғырып күліп байыған болып жұтадық.
Тағдырдың салған  тайғақ жолына не шара,
Тұрғандай болып кейіннен оңбай құладық.
 
Көретін пенде Алланың жаққан шырағын,
Бақытты жанбыз естіміз болса ұғатын.
Жұлдыздар менің сырласым болып қалмақшы,
Шыңында тұрар сендік биікке құмар тым.
 
 Ағындай сүттің арманы асқақ арымның
Арындай түстім ағынан досқа жарылдым
Мөп-мөлдір моншақ сырларым менен мұңдарды
Тарыдай шашып жинай да алмай жаңылдым
 
Құлымын Хақтың, әсілі адам баласы,
Бір жұлдыз  әне құлдилап кетті қарашы.
Бір жұлдыз сөнсе бір жұлдыз жанар орнына,
Ақ пенен қара  ол заңды, хақтың қалауы.
 
Көргім келеді
 
 Көргім келеді, көргім келеді,
Еліткен мені Айдың бедері.
Аққуды  түсін қосағы кетсе,
Айдында жүзіп айбынды өледі.
Өмірмен өлім күңшіл екені,
Айнадай жарық айқын себебі.
 
 Жалт етер өмір жасын келері,
Жауратып жанды жасын төгеді.
Сары күз жетсе жайқалған ағаш,
Қаусаған қарттай қасын кереді,
Қыранға жетер қырағы бар ма,
Тауында өсіп тасында өлері.
 
 Өскім келеді, естің елері,
Белгілі іле көшкін келері.
Азаптан мәңгі арылып менде,
Өзгедей ғұмыр кешкім келеді.
Мен үшін көктем төңірегінен,
Бұлбұлдың үнін есту керегі.
 
Дегенмен сыншы уақыт төреші,
Саралап бағдар бағыт береді.
Сүбелі сөзден ой түйсе егер,
Ақынға бақыт Алла елері,
Пендесі әртіс театр өмір,
Әркімге сайлы ролді бөледі.
 
Қызғалдағым
 
Жүрегіме қалдырып өткен белгі,
Міне менің жаныма көктем келді.
Қуаныштың шын дәмін таттым бүгін,
Орындалып арманым көптен бергі.
 
Балғын шақтың елесі есімдегі,
Еркелікті тұрмысың кешіргелі.
Енді менің зіл батпан мұң – қайғымды,
Көтересің бір жүріп көш ілгері.
 
Бақ деп ұқтым, орнаған басымдағы,
Сая тапқан жанымның жасыл бағы.
Өзің барда, мен үшін түкте емес,
Жасқай алмас тағдырдың жасындары.
 
Аялайтын әркезде ізгі ардағын,
Елемейтін өзгенің сызданғанын.
Асыл жарың өмірлік серік етті,
Түсін енді өлеңге құштар жанын.
Түсін мені жарығым Қызғалдағым.
 
 Тың дүние туылар жырлар әлі
Өзгелерге қымбатты тым бағалы
Қарып кетіп жүрмесе болар еді
Кернеп алып қызғаныш ызғар әні
 
Іздеймін мен сені
 
 Аңсаумен келемін мен сені,
Бүршігін жарғандай өмір – гүл.
Арманым аяулы еңселі,
Бейнең де көктемдей көгілдір.
 
Қыз деген өмірдің сәні бұл,
Жүректе махаббат зары тұр.
Қимаймын сүйемін мен сені,
Түсінші, түсінбе бәрі бір?!
 
 Махаббат шуағы нұр өпкен,
Басыңнан өткенде ұғарсың.
Қапыда сені іздер секілді,
Бір күні іздейтін шығарсың.
 
Кеудемде от жалын сезіммен,
Іздейді  әр кеште бағынбай.
Сәтімнен кезіккен өзіңмен,
Қимастық орнады сағымдай.
 
 Жансам да махаббат отымен,
Жүректе өшпестей бекіген.
Өзіңе ғашық қып алдың ғой,
Енді өзің ұмыттыр өтінем.
               Ерхан Болатұлы
 
Ауылдан келген аруым
Өңім бе екен, түсім бе екен,
Байқаусызда кез келді.
Ұяла басып келе жатқанда,
Ұяңдығыңды сезгенмін.
 
Ұяттығыңды білдіреді екен,
Балдай тәтті сөздерің.
Қысылғандығыңды сездіріп тұр-ау,
Ұялған қара көздерің.
 
Ауылдан келген аруым менің,
Жусанның иісін сыйладың.
Қуаныш па екен, жұбаныш па екен,
Бір сезімменен қинадың.
                        
Жүрегі дала, көңілі қала,
Қызғалдақ қызым қинадым.
Әуен мен жырды, көңілді сырды,
Өзіңе ботам силадым.
Бұрымды өрім, жүрісі керім,
Көргендер сені мақтап жүр.
Тордағы тоты, құсымдай өзің,
Анаңның сүтін ақтап жүр.
                        
Ұяла басып кетіп бара жатқан,
Аруды Аллам жақтап жүр.
Сымбаттығыңды,  қымбаттығыңды,
Ұяттығыңды сақтап жүр.
 
Қолаң шашыңа, қара қасыңа,
Жарасым берген Тәңірім,
Көрмегенсің-ау, сезбегенсің-ау,
Сұлулығыңның зәруін.
 
Жарқылдайтындай,  лапылдайтындай,
Жастық шақ шіркін дәуірін.
Қуанып шаттан,  жауыңнан сақтан,
Ауылдан келген аруым..
 Болат  Молдашұлы
Арқалық қаласы.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓