Кімдердің несиесі кешіріледі?

Елімізде көптеген азаматтардың несиелік жүктемесі өсіп кеткен. Несиелерін жаба алмай, қарызға белшесінен батқандар саны бес жүз мыңға жетіп жығылады. Осы орайда, қарызға батқан азаматтардың жағдайына бей-жай қарай алмаған ҚР Президенті Қ.Тоқаев халықтың осал топтарының несиесін жабуды тапсырған болатын. Қостанай облысында да азаматтардың борыш жүктемесін азайту бойынша шаралар жүзеге асырылуда. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық Банкі Қостанай филиалының директоры Жомарт Қажырақымов пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Максим Устинов айтып берді.
банк
Жомарт Оралұлының айтуынша, мұндай жеңілдік көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан, бала жасынан мүгедектер бар отбасылар,  атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан  кәмелеттік жасқа дейін айырылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі. 
-Президентіміз  бұрын-соңды болмаған әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдап, тиісті Жарлыққа қол қойды. Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өздерінің отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 88,5 млрд.теңге сомасында қаражат бөлінді. Жарлықты іске асыру мақсатында Үкімет пен Ұлттық банк азаматтардың берешегін өтеу тетіктерін әзірлеп, тиісті ережелер қабылдады. Тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан алынған жалпы мөлшері 300 мың теңгеге дейін негізгі несиені және оған есептелген сыйақыны өтейді. Бұдан бөлек, олардың биылғы 1 маусымға дейінгі қарыздарының жалпы көлемі 3 миллион теңгеден аспауы тиіс,  – дейді Ж.Қажырақымов.
Қазіргі уақытта, Үкімет қаулысына сәйкес, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша берешекті мемлекет өтейтін және кредиттік бюроға жіберілген адамдардың тізімі жасалды. Кредиттік бюро, өз кезегінде, тізімді банктермен және шағын қаржылық ұйымдармен салыстырып тексереді және 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспайтын жалпы берешегі бар әрбір тұлғаның қарызы бойынша жалпы берешекті 31 шілдеге дейін есептейді. Сонымен қатар, проблемалық кредиттер қоры әрбір банкпен және шағын қаржылық ұйымдармен 2019 жылғы 9 тамызға дейінгі мерзімде кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша берешекті өтеу туралы келісім жасасады. Кредиттік бюро ұсынған төлем тізімі негізінде оны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде пайда болған берешекті өтеу бойынша азаматтарды әлеуметтік қолдауды қаржыландыруға өтінім қалыптастырады. Өтінім Еңбек министрлігіне келіп түседі, ол үш жұмыс күні ішінде проблемалық несиелер қорына қазақстандықтардың қарыз жүктемесін төмендетуге бөлінген ақшаны аударуы тиіс. Қор 2-ші қыркүйекке дейін банктер мен шағын қаржылық ұйымдардың шоттарына ақша аударады.
-Банктер мен шағын қаржылық ұйымдар 2019 жылғы 5 қыркүйекке дейін еліміздің азаматтарын әлеуметтік қолдау мақсатында борышкерлердің берешегін өтеуді жүзеге асырады. Ал, 9 қыркүйекке дейін банктер мен шағын қаржылық ұйымдар қарыз бойынша төлемдер кестесін қайта қарап, проблемалық кредиттер қорына әрбір борышқор бойынша берешекті өтеу туралы ақпаратты ұсынуы тиіс. Қор 13 қыркүйекке дейін Ұлттық Банкке берешекті өтеу туралы ақпарат беруі тиіс, ал Еңбек министрлігіне қарызды өтеген адамдардың тізімін жіберуі тиіс. Тізбе "Е-халық"ақпараттық жүйесіне енгізілетін болады. Кепілсіз тұтынушылық қарызды өтеу туралы ақпарат алу үшін өтініш беруші “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясына немесе электрондық үкіметтің веб-порталына жүгінеді, – дейді Жомарт Оралұлы.
Айта кетер жәйт, Жарлыққа сай, тек Ұлттық Банктің тізіліміне енгізілген ресми тіркелген шағын қаржы ұйымдары ғана түседі. Мұндай ұйымдардың тізімін Ұлттық Банктің сайтынан табуға болады.  Еліміз бойынша 168 микроқаржы ұйымы мен 28 екінші деңгейлі банктер жұмыс істесе, оның ішінде біздің өңірде 13 екінші деңгейлі банк пен 7 шағын қаржы ұйымы тіркелген. Ал, онлайн-кредит беру қызметтерін ұсынатын ұйымдар бұл тізімге жатпайды, онлайн-қарыз бойынша айыппұлдарды есептен шығару жүргізілмейді. 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓