Қостанай үздіктер сапында
Биыл жарты жылда тұрғын үй құрылысына 600 млрд теңгеден астам қаржы тартылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Осы жылы 6 ай ішінде тұрғын үй құрылысына 605,7 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл 2018 жылғы деңгейден 15,5 пайызға жоғары. 1 теңге мемлекеттік қаражатқа 7,4 теңге жеке инвестиция тартылды. Биылдың соңына дейін 118 мың баспана (13 млн шаршы метр) салуды жоспарладық. Жартыжылдық қорытынды бойынша 48 925 баспана (5,7 млн шаршы метр) пайдалануға берілді», – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, 2018 жылмен салыстырғанда тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша Түркістан (147,4%), Қызылорда (122,4%), Алматы (115,6%) және Қостанай (115,2%) облыстары көш бастап тұр. Алайда Нұр-Сұлтан қаласында және Маңғыстау облысында құрылыс қарқыны сәйкесінше 32,8 пайызға және 10,3 пайызға төмендеген. Бұл жалпы республикалық көрсеткішке теріс әсер етті, яғни тұрғын үй құрылысы 1,9 пайызға төмендеді.
«Сондықтан, бұл өңірлер жеке құрылыс салушылар арқылы жұмысты жандандыруы керек. Тұтас алғанда, басқа өңірлердегі құрылыс қарқынын арттыру арқылы жылдық жоспарға қол жеткізетін боламыз», – деді Роман Скляр.