Қызылшаға қарсы екпе жасау зиянсыз
дейді семинарға қатысқан мамандар
Елімізде қызылшаға қарсы екпе жасауға тыйым мерзімі мамыр айының басына дейін тоқтатылды. Осы уақыт аралығында үкіметтік комиссия аталған үнді вакцинасының адам денсаулығына қаншалықты әсер ететіні жөнінде сараптама тағайындауға тиіс. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткен қызылшаға қарсы екпе жасау мәселелеріне арналған семинарда Қарағанды мемлекеттік медициналық университтінің эпидемиология каферасының меңгерушісі Фатима Шайзадина айтты.
Қарағандылық маманның айтуынша, екпе жасау – инфекциялық аурулар, оның ішінде қызылшаның алдын алудағы жалғыз амал. Вакциналау жасанды иммунинетті қалыптастыруға әсер етеді. Адамда қандай да бір ауруға қарсы иммунитет болмаса, ол қатерлі асқынуларға және өлім-жітімге әкеп соғады.
Қазақстан тұрғындары арасында иммунитеттің жеткіліксіздігі 2014 жылы қызылшаның өршуіне әкеп соқтырды. Осыған байланысты қосымша иммундау шарасын өткізу туралы шешім қабылданды.
Фатима Шайзадина көптеген пікірлерге қарамастан, қызылшаға қарсы екпе жасаудан зиян болған күннің өзінде ол жұқпалы дертпен ауырғаннан миллиондаған есе аз екенін атап көрсетті.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқарамасының штаттан тыс бас инфекция маманы Айман Нұрпейісованың айтуынша, өткен жылықызылшамен ауырған 7 адам тіркелген. Алайда одан аса қауіп келмепті.
Айта кетейік, 2015 жылы 19 ақпанда Қазақстанда қызылшаға қарсы қосымша иммундау 15-19 жастағы тұлғаларды иммундаудан кейін қолайсыз белгілердің тіркелуіне байланысты тоқтатылған болатын. Фатима Шайзадина еліміз бойынша қызылшаға қарсы жаппай иммундау шарасы жүргізілген кезде 500 мың жасөспірімге екпе жасалған дейді. Солардың арасында 120 адам дәрігерлерге шағымданған. Бүгінгі күні ауыр жағдайда жатқан ешкім жоқ. Былтыр үнді вакцинасы әлемнің 45 елінде, соның ішінде Еуропаның да дамыған мемлекеттерінде қолданылған екен.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ