Санаторий – жаңа төр үй

Шипажай курортқа айналады
            Бұл мейірбан мекеменің тоқсан жылға таяу тарихы, тарам-тарам тағдыры бар. Сонау 1930 жылы демалыс үйі ретінде іргесі қаланды. Кейін, 1935 жылы туберкулезбен ауыратын сырқаттар үшін қымызбен емдеу шипажайы болып қайта ашылды. 1942 жылдан бастап құрт ауруынан айыққан адамдарды сауықтыруға қызмет қылды. Бұл шипажай талай тоқырау тездерінен өтіп келіп, жылдар оза оңала түсті. Оңала келіп, таяуда ғана "М.Қарабаев атындағы Оңалдыру орталығы" аталды. "Түбіркүлез" сөзінен түбегейлі арылды. Бүгінде сырқат адамдарға ғана емес, жанына сая, деніне қуат алғысы келгендердің барлығына есігі ашық. Енді, келер жылдан бастап сырт көздің сынын көтеретін заманауи демалыс орнына айналмақ…DSCN4201
                Былайғы жұрт "тубсанаторий" атап дағдыланған бұл кешен Тобыл-Торғай аймағының ең бір құйқалы қоныстарының бірі – Меңдіқара ауданында орналасқан. Боровской ауылының ернеуінде, қарағайлы қалың орман арасында, мөлдір таза көлдің жағасында тұр. Орталықтың емдік-диагностикалық базасына бұл төңіректің дауалы ауасы мен шипалы суы жәрдемші десе болатындай. Мұнымызды осында демалып жатқан жасамыс жандар қуаттай түседі.DSCN4227
           
DSCN4172
DSCN4176"Мен бұл жерге Тараздан 32-ші жыл қатарынан келіп отырмын. Біздің жақ ыстық. Денсаулығыма келмейді. Ал бұл маңның ауасы, табиғаты жаныма жайлы. Оның үстіне, санаторийдің бап-күтімі де жақсы. Соңғы жылдары барынша жақсарды. Тамақ уақытылы, қызметтері сапалы", – дейді ҰОС 95 жастағы ардагері Махмут Бисембаев.DSCN4186
            "Мұнда қазір құрт ауруынан емделіп шыққандар ғана жатқан жоқ. Дені сау ағайын демалуда. Өзім де сол көптің бірімін. Сарыкөл ауданынан осында келгеніме бір айдың жүзі болды. Бұл – үшінші келуім. Байқауымша, мұндағы ахуал жылдан-жылға жақсарып келеді. Көңіл де, қарын да тоқ. Мың болғыр қызметшілер алақандарынан түсірмейді", – деп жауап берді 80-дегі Алтынбек Жабаев хал сұрасқанымызда.
            "Жылда келеміз, – деп сабақтады сұқбаттас "құрдасының" сөзін Ауған соғысының ардагері, 82 жастағы Қадір Есқожин. – Демаламын десем, баратын жер де, мүмкіндік те бар ғой. Алайда, осы жерден артығын көрмеймін. Мекеменің бірнеше жылғы жағдайына куәмін. Әсіресе, осы соңғы басшының келуімен көп оң өзгерістің орнағанын байқадық. Алға қойған жоспарлары одан сайын көңіл қуантып отыр".DSCN4206
            Ақсақал алқап отырған азамат  – осы Оңалдыру орталығының бас дәрігері Марат Тәңірбергенұлы Шалов. Өз ісінің нағыз білгірі. Олай деуге себеп – бұл кісі Шипажайтану ғылымының республикадағы жалғыз кандидаты. Бұған дейін Ресейдің Пятигорындағы "Ессентуки" санаторийінде қызмет еткен. Жамбыл облысының Балқаш көлі жағасында жаңа шипажайдық ашылуына мұрындық болды. Ал негізгі мамандығы – дәрігер. 25 жылы ота үстелінің маңында өткен… Мінекей, жаңа ұжымды басқаруды қолына алғанына бірер жыл ғана уақыт өткен ол, кешеннің келешегі үшін көлемді жоспар құрып, сенімді қадам жасай бастады.главврач
            "Маған  М.Қарабаев атындағы санаторийге жұмыс істеуге ұсыныс түскенде ұзақ ойландым. Мекеменің күрделі ахуалынан хабардар едім, біріншіден. Екіншіден, табаным тиіп көрмеген жер… Ақыры тәуекел етіп, ат басын осында бұрдым. Көрікті мекен, ғажайып орманды көргенде күдіктің бәрі бойдан сейіліп қоя берді. Бұл Балқаштың шөлейтінде өскен ұл үшін ерекше әсерлі сәт-тін, – деп Меңдіқара топырағына алғаш аяқ басқан сәтін еске алды М.Тәңірбергенұлы. – Менің осы кешеннің жұмысын жайнатып-жандандыруға ынта-шынтаммен кірісуге бел шешкенім де содан шығар. Әйтпесе, бұл нысанның қаржылық жағдайы да, ішкі-сыртқы қалпы да мәз болған жоқ. Сондықтан әуелі 150 орындық Оңалдыру орталығы жобасын іске асыруды қолға алдық".
            Бас дәрігер жөндеу жұмыстарын бірінші кезекке қойып отыр. Қанша дегенмен, ғимарат ескі. Сондықтан жылу жүйесін ретке келтіру керек. Электр желілері, құбырлар, қазандықтар да күрделі жөндеуді талап етеді. Ғимараттың қасбеті ғана емес, кіреберісі, акт залы және асхана жаңартылады.
            "Нысанның еуропалық стандартпен сәйкесетін кезі келді. Санитарлық торапты (әжетхана, жуыну бөлмесі) дәліздің ең түбіне іздеп бару ХХІ ғасырға жарасымды ма?! Қолайлылық әр бөлмеде болуы тиіс. 86 нөмірдің 60-ы – стандарттық (бір бөлмелі), 20-сы – люкс (екі бөлмелі), алтауы апартаментке (демалыс бөлмесі, жатын орын, асүй және джакузиі бар) айналады. Жиһаздар түгелдей жаңартылып, Wi-Fi-ға дейін орнатқалы отырмыз", – дейді бас дәрігер.
            Мұнымен қоса, әрине, медициналық құрылғылар да жаңарады. Ескілері жаппай "демалысқа шығады". М.Шаловтың айтуынша, тапсырыс берілген 20 млн теңгенің заманауи жабдықтары орталыққа келе бастаған. Нақтылай түскенде, балқарағай бөшкесі, оттегі коктейліне арналған аппарат, соңғы үлгідегі электр кардиографы қолға тиіпті. Енді ұжым ингалятор-небулайзерлерді күтіп отыр. Оның сыртында Оңалдыру орталығында гидротерапия (қылқан жапырақты, інжулі, күкірт-сутекті ванна), тұзды шахта пайда болады. Еуропада танымал окситерапияға арналған құрылғы да шетелден әкелінбек. Бас дәрігердің сөзіне сүйенсек, мұның денсаулыққа пайдасы орасан көрінеді. Яғни оттегі-қышқылды газды теріастылық жасушыларға жіберу қан айналымын белсенділендіреді. Әсіресе, тірек-қимыл аппараты ауруларына шалдыққандарды сауықтыруға бұл таптырмас тәсіл. Балшықпен емдеу бөлімдері де нысан маңынан табылатын болады.  DSCN4227
            "Емдеу және ұйымдастыру процестерін автоматтандырып, цифрландыруға да ерекше екпін саламыз. Ресми сайтымызды қайта форматтап, пациенттеріміз онлайн жүйеде қалаған нөмірді брондап, ақысын оңайлықпен төлейтіндей оңтайлылық жасаймыз. Бұдан былай орталықта өзіміздің кинопроектор болады, көңілді концерттер жоспарлы түрде өткізіліп, шипалы қайнарларға, қасиетті орындарға экскурсиялар жүргізбекпіз", – деп түйіндеді М.Тәңірбергенұлы.
            Осылайша, бас дәрігер Оңалту орталығын емдеу орны ғана емес, туристік нысанға айналдыруды көздейді. Бұл мақсатта ол Меңдіқара жеріне әлемдік деңгейде танымал ЕуроСПА халықаралық ұйымының аудиторы, чехиялық тәжірибелі маман Теодор Штофирді шақырған. Ол ҚР Ұлттық Курорттық Ассоциациясының халықаралық форумына келіпті. Шара бітісімен құрметті мейманды Тобыл топырағына ертіп әкелген. Бір ғанибеті сол – Теодор мырза Қазақстандағы 160 санаторийдің ешқайсысына мұнша ықыласы аумағанын айтыпты. Әуелі жергілікті табиғатпен, кейін орталықтың келешек жоспарларымен танысқа ол, "шипажайдың туристік тартымдылығы жоғары" деп баға берген екен. Мекеменің рейтингін өсіруге қатысты құнды кеңестерін айтып, әріптестік орнату мәмілелесіпті.DSCN4223
            Мінекей, осынау жаңалықтарға қарай отырып, өңірдегі бірегей мекеменің екінші өмірі басталды деуге болады. Сөйтіп, бұрынғы санаторий халықтың "жаңа төр үйіне" айналмақ. Бұйыртса, Тобыл-Торғай төсіндегі таңдаулы туристік нысанның бірі ретінде де тысқа танылуды мақсат етіп отыр…

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓