Жобаға жәрдем – бұқараның ісі

        Рудныйдағы мүмкіндігі шектеулі жандар ашқан техникалық қызмет көрсету стансасы республикалық байқауға қатыспақ. Бұл ТҚС – әлеуметтік жоба. Тағдырына мойымаған, еңбексүйгіш азаматтардың арқасында қаладағы он алты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тағы қырық азамат техника жөндеудің қыр-сырына қанықты.  Сондықтан шығар, жоба «Еңбек – бәріңе!» деп аталады. Бұл туралы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өткен брифингте облыс әкімінің кеңесшісі Аслан Дабылов айтып берді.IMG_3996
         -Бұл жобаның бір ерекшелігі – ол мүгедектердің күшімен жүзеге асқаны. Әрине, ең бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі жандарға өте тиімді. Шағын техникалық қызмет көрсету станасында келушілерге тиісті жағдайлар жасалған.  Көлік жөндейтін бекетті ашуға қоғамның жеке қаражаты жұмсалды. Оған тиісті жабдықтар, көлікті көтергіш сатып алынды. Қазір стансаның жанындағы көлік жуатын орын да жұмыс істейді. Онда арбаға таңылған екі адам еңбек етеді, – дейді Аслан Дабылов.
         Бастапқыда станса мұқтаж жандарға қондырғылар, құрал-жабдықтар және көлік жөндеу үшін аса үлкен көмекті қажетсінген. Қазір оған екі мүгедек азамат жұмысқа орналасты. Екеуі де кәсіби механик. Осылайша, автосервис қызметі барынша толық мамандандырылды.IMG_3989
         Мүмкіндігі шектеулі жандарға мұнда  тегін қызмет көрсетіледі. Соңғы жарты жылдың өзінде сервис алпыс бес адамға қол ұшын берген. Техникалық қызмет көрсету станасының жұмысына қала тұрғындары дән риза. Мұндағы көлік жөндеу құны да қалтаға артық салмақ салмайды.
           Жоба иелері станса жұмысының болашағына сенеді. Әрине, мүгедек жандар үшін мұндай батыл қадамға бару оңайдың ісі емес. Дегенмен, «көз қорқақ, қол батыр» дегенді іс жүзінде дәлелдеген жігіттер мұнымен тоқталмақ емес.  ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі 2013 жылдан бері «Қазақстандағы жүзеге асқан ең үздік әлеуметтік жоба» байқауын ұйымдастырып келеді. Байқау жеңімпаздарына қомақты қаржы табысталады.  Аслан Дабыловтың айтуынша, бұған дейін Қостанайдағы «Хатико» оңалту орталығы үздік жоба аталымы бойынша жеңімпаз атанып, бір миллион теңге ұтып алған-ды. Қаржы орталықтың базасын нығайтуға жұмсалыпты.
          14 тамыздан бері министрліктің enbek.gov.kz сайтында әр облыстың атынан қатысып жатқан үздік жобаларға дауыс беру жүргізілген. Айтпақшы, кеше дауыс беру аяқталды. Рудныйдың «Еңбек – бәріне!» жобасы екі апта бойы алғашқы орында тұрған. Кейін төртінші сатыға жылжыды.IMG_3992
        – Қостанайлықтар дауыс беруде белсенділік танытты ғой деп ойлаймын. Өйткені, мұндай байқаулар мүмкіндігі шектеулі жандарға үлкен серпін береді. Сондықтан оларға қоғамның ыстық ықыласы ауадай қажет, деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова.
 
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓