#Birge #TazaQazaqstan: аймақ акцияны қолдайды
Қостанай облысының 11 мыңнан астам тұрғыны #Birge #TazaQazaqstan жалпыұлттық эко-акциясына қатысты. Еске салсақ, шілде айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевті қабылдап, халықтың экологиялық мәдениеттілігін арттыруға және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына еріктілерді тарту жөнінде тапсырма берген еді.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен азаматтық қоғамның бастамасымен бүкіл ел бойынша жүзеге асырылып жатқан ЭКО-Челлендж қозғалысын толық қолдайтынын айтты.
– Үкімет пен азаматтық қоғамның бастамасымен бүкіл ел бойынша жүзеге асырылып жатқан ЭКО-Челлендж қозғалысын толық қолдаймын. Елді тазалық аймағына айналдырайық. Бірге – Таза Қазақстан! Жарайсыңдар, волонтерлар! #Birge #TazaQazaqstan, – деп жазды Президент Twitter парақшасында.
Міне, аумақты қоқыстан тазарту бойынша белсенді шаралар Қостанай өңірінде де басталып кетті. Тазарту жұмыстары қаланың Федоров ауданына шығар бөлігі мен Тобыл өзенінің жағасында өтті. Аталмыш аумақта 2000 мыңнан астам ерікті жұмыс істеді. Олардың арасында жүрген облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов эко-акцияны толығымен қолдайтынын атап өтті.
– Үкімет өкілдері бастаған шара қазір республикалық дәрежеде өтіп жатыр. Бұл акцияны президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке өзі қолдап, бәрімізді Қазақстанды таза әрі жасыл ел етуге шақырды. Біз де тазалық бастамасына үн қосып, одан әрі жалғастырудамыз. Бұл жобаны облыстың басқа да аймақтарында дамытуға шақырамын. Акция жалпыхалықтық сипат алып, елдегі экологиялық жағдайдың жақсаруына жол ашады деп сенемін, – деді Ерлан Спанов.
Ал қала әкімі Қайрат Ахметов айтқандай, тазалық жұмыстарына қатысқан еріктілерге қоғамдық көліктер бөлінді.
– Ауқымды акцияның мақсаты – табиғат пен су айдындарының ластануы, тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне адамдардың назарын аудару. Қаланың Федоров ауданына шығар бөлігіне қоқыс көп жиналады. Адамдар қоқыстарын жол жиегіне тастап кете береді. Қаламыздың жақын маңдағы су қоймаларының біраз жерін аралап шықтым. Мұндай аумақтарға бейнекамералар орнату бюджетке салмақ түсіреді. Ал, жалпықалалық сенбіліктер бұл аумақта жүргізілмеген. Проблеманы тек әкімшілік әдіспен шешу мүмкін емес, қоғамның бірлігі қажет, – дейді ол.
Сонымен қатар, алдағы жылдарда Қазақстан мектептері мен балабақшаларына экологиялық тәрбиеге арналған қосымша сабақ енгізілетіні белгілі болды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ