Ынта болса, жұмыс бар
Қостанай облысы Полиция департаменті Жастар жылы аясында жастарға қолдау көрсетпек. Тәртіп сақшылары оларды жұмыспен қамтамасыз етуді қолға алғалы отыр. Яғни биыл Қостанай Полиция департаменті бірнеше жас азаматты өз қатарына алуға әзір.
Аталмыш жаңалықты бұқараға жеткізу үшін полицейлер әуелі отан алдындағы борышын өтеп жатққан азаматтармен жолықты. Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары полиция майоры Мұрат Есмұхамбетовпен және кадр саясаты басқармасының Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Эрик Мүслімовпен облыс орталығындағы Ұлттық ұлан 6697 әскери бөлімінің мерзімді қызмет әскери қызметшілерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында әскери қызметшілерге полицияға қызметке тұру тәртібі, сондай-ақ ішкі істер органдарында қызмет өткеру шарттары туралы түсініктеме берілді.
Оларға полициядағы қызметтің артықшылықтары, атап айтқанда, полицейлердің еңбекақысы ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап 65% – ға дейін өскендігі, сондай-ақ тұрғын үйді жалға алу шығыны үкімет тарапынан көтерілетіні, мансаптық өсу мен тәртіп сақышсына және оның отбасы мүшесіне тегін медициналық қызмет көрсетілетіні айтылды. Сонымен қатар, ҚР ІІМ жоғары оқу орындарында тегін жоғары кәсіби білім алу мүмкіндігі бар.
Әскери қызметшілер еңбекақыға қатысты қосымша сұрақтар қойып, өздеріне қажетті толық мәлімет алды.
-Бұл Елбасы жариялаған Жастар жылында еліміздегі барша жастарға мол мүмкіндік деп білеміз. Қазіргі күні 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтарды жұмысқа алып, олардың өмірден өз орнын табуға көмектескіміз келеді,-дейді Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары полиция майоры Мұрат Есмұхамбетов.
Кенже Қонысбай,
Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі