Құрылыс ауқымы артады

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдегі тұрғын үй саясатын іске асыру барысы туралы кеңес өткізді. Аймақ басшысы бұл туралы "Инстаграм" желісіндегі жеке парақшасында жазды.уееОблыс әкімінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткішін 10%-ға арттыру міндеті тұр, бұл – 417,2 мың шаршы метрге тең келетін көлем.
 "Облыстың тұрғын үй саясатын іске асыруға бюджеттен 20,4 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, осы жылдың бірінші тоқсанында 93,5 мың шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде көп қабатты тұрғын үйлер үлесі – 64,7 мың шаршы метр", – деп жазды А.Мұхамбетов.
Осы отырыста белгілі болғандай, биыл халық игілігіне берілетін көп пәтерлі үйдің жалпы көлемі – 276,3 мың, ал жеке тұрғын үй ауқымы – 140,9 шаршы метр. Бұдан бөлек, осы жылы "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыруға бюджеттен 20,4 млрд теңге бөлінген. Жіктеп айтар болсақ, осы соманың 10,1 млрд теңгесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға жұмсалады. 7,1 млрд теңге 33 несиелік үй құрылысына бағытталып отыр. 2,3 млрд теңге халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал саналатын санаты үшін жалдамалы пәтер жобаларын жүзеге асыруға бағытталмақ. Ал көп балалы отбасыларға 72 пәтер сатып алуға 0,9 млрд теңге қарастырылды.
Кеңес барысында Қостанай, Рудный қалалары және Қостанай ауданы әкімдерінің баяндамасы тыңдалды. Олар осы жылға межеленген тұрғын үй құрылысына қатысты жоспарлардан мағлұмат берді. Мұның сыртында "Отбасы банк" филиалы директорының басшылығы өкілі де облыс аумағында несиелік тұрғын үй сату мәселесі бойынша аймақ басшысына баяндама жасады.
Жиын қорытындысында облыс әкімі тұрғын үй құрылысының қарқынын төмендетпеуді, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу тұрғысындағы жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ барлық жоспарланған нысандарды сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓