Әлеуметтің әлеуетін көтерген
«Qutty meken» партиялық жобасы аясында «Nur Otan» партиясының аудандық филиалының қызметкерлері мен мониторингтік топ мүшелері Денисов ауданына қарасты Антонов ауылындағы су құбырын салу жұмыстарымен танысты.
Денисов ауданында арнайы бұрғылау техникасы әкелінген. Бұл жолдағы асфальтты бұзбай, құбыр тартуға мүмкіндік береді. Арнайы бұрғылаушы үш метр жер астында траншея арқылы құбыр жібереді. Тіпті, жеке үйлерге суды қосуға мүмкіндік береді.
– «Qutty meken» жобасының мақсаты – инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның даму барысына партиялық бақылау жүргізу. Біз Антонов ауылына іс-сапар барысында құрылыс нысандарына бақылау жүргіздік. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуы және құрылыс сапасына мен мерзіміне мониторинг жасап, бұны халыққа кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды, – деді «Nur Otan» партиясы Денисов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айгүл Бектемісова.
Оның айтуынша,партиялық бақылау арқылы жолдар мен құрылыстардың, тұрғын үйлердің сапалы болуын қамтамасыз етеді. Және коммуникация, өзге де әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымдарға уақытылы қол жеткізу мүмкін болады.
Су құбырын жүргізіп жатқан серіктестік ұзақ жылдан бері бұл салада қызмет көрсетіп келеді. Бұған дейін олар Сарыкөл, Мендіқара, Алтынсарин аудандары мен Көкшетау облысын сумен қамтамасыз еткен. Қостанай, Қарағанды, Көкшетау мен өзге қалалардан арнайы мамандар шақыртылған.
Әсел ҚИБАШ