Несие беру тәртібі өзгереді

Азаматтардың берешегінің бақылаусыз өсуін шектеу мақсатында осы жылдың соңына дейін кредиттік серіктестіктерді және ломбардтарды реттеу бойынша нормативтік-құқықтық актілер қабылданады. Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. несиеЕ.Досаев Ұлттық банк бекіткен, кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды 30 шілдеге дейін есептен шығару механизміне сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары есептелген тұрақсыздық айыбы бойынша берешекті кешіруді жүзеге асыратынын хабарлады.
«Банктер, микроқаржы ұйымдары және Проблемалық кредиттер қоры арасында есептен шығарылған айыппұлдар мен өсімпұлдардың бір бөлігін өтеу туралы келісім жасалған соң, 20 тамызға дейін Қордан банктерге және микроқаржы ұйымдарына айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша кешірілген берешектің 30%-ын өтейді. Осыдан кейін, Ұлттық Банк өзінің бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру шеңберінде есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіру бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары жүргізген рәсімдерді тексереді», – деп түсіндірді ҰБ басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, жүйелік проблемаларды және болашақта азаматтардың берешегінің бақылаусыз өсуін шектеу мақсатында осы жылдың соңына дейін Ұлттық банк кредиттеу субъектілерін, оның ішінде онлайн-кредиторларды, кредиттік серіктестіктерді және ломбардтарды реттеу мәселелері бойынша қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылдайды.
Ол «Банктер мен банктік қызмет туралы» Заңға және «Микроқаржылық ұйымдар туралы» Заңға 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге де төлемдер есептеуге тыйым белгілеу бойынша түзетулер енгізілетінін айтты. Бұл түзетулерді Ұлттық банк Парламенттің қарауына ағымдағы жылғы қыркүйекте енгізеді.
«Азаматтардың борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде қарыз беру кезінде қарыз алушының барлық міндеттемелері, оның төлем қабілеттілігі және әлеуметтік мәртебесі есепке алынатын болады. Мәселен, борыштық жүктеме коэффициентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегерілетін болады. Пруденциялық реттеу аясында кепілсіз тұтынушылық кредиттер беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейеді. Бұл шектен тыс кредит беру саясатының алдын алуға бағытталған», – деді Е. Досаев.
Е. Досаев атап өткендей, заң аясындағы актілерге тиісті түзетулерді Ұлттық банк ағымдағы жылғы қыркүйекте қабылдайтын болады.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓