Ахуалы артқан аурухана

Алтынсарин аудандық ауруханасында бүгінде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында, жалпы ұлт денсаулығын жақсарту бағытында да тиісті шаралар қолға алынған. Әсіресе, бағдарламаның басты бағыты болып саналатын, яғни халықты скринингтік тексеруден өткізу, өлім-жітімді азайту, ана мен бала денсаулығын жақсарту, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ, маман тапшылығын жою мақсатында да біраз жұмыстар атқарылған көрінеді. Бас дәрігер Айман Оразбаеваның айтуынша, 14 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетіп отырған аудандық аурухананың бүгінгі ахуалы жақсы, қажетті құрал-жабдық пен медициналық қондырғылар жеткілікті, кадр мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Бір сөзбен айтқанда, алтынсариндіктердің сапалы медициналық ем алуына барлық жағдай жасалған.DSCN1035
– Әрине, кез келген емдеу мекемелеріне, әсіресе аудандардағы ауруханаларға артылар жүк үлкен. Себебі, әркім қалаған ауруханасына баратындай бізде қаладағыдай толып жатқан емдеу мекемелері жоқ, ауданның да, шалғайдағы ауылдың да басы ауырып, балтыры сыздаған кез келген тұрғыны бізге келеді. Сондықтан, біз де өзімізге жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен атқаруға тырысамыз. Қарамағымдағы мамандарға да ауруына ем іздеп келген нау­қасқа ең бастысы дәрігердің көңілі мен мейірімі қажет, сондықтан әр сырқатқа жылы жүзбен қарап, емдеу процесінде де немқұрайлылық танытпай, зор жауапкершілікпен қарауды үнемі айтып отырамын, – дейді Айман Қабдолқызы.
 Жоғарыда айтылған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған скринингтік тексерулер арқылы бүгінде көптеген аурулардың алдын алуға, не ерте анықтауға мүмкіндік зор. Алтынсариндік ақхалаттылар да бұған үлкен мән береді. Бүгінде аудан бо­й­ынша 11 804 адам скринингтік тексеруден өткен. Дегенмен, мамандар аудан тұрғындарының скринингтік тексеруге шақыр­ғанда дер кезінде келгендерін де қалайды. Өйткені, дәрігерлердің сөзінше, батпандап кіріп, мысқылдап шығатын көптеген аурулар ешқандай ауырсыну белгісі білінбей-ақ дами береді, ал оларды осындай арнайы тексерулер арқылы ғана анықтауға болады. DSCN1047
Медицина саласындағы кадр тапшылығы мәселесі еліміз бойынша басты ауыртқан проб­лемалардың бірі екені рас. Бірақ, соңғы кездері бұл мәселе де ақырындап өз шешімін тауып жатыр. Аудандық ауруханада мамандар жеткілікті, дегенмен анестезиолог пен көз дәрігері қажет көрінеді. Ал, ауылдық жерлердегі маман тапшылығының орнын толтыру мақсатында аурухана басшылығы Арқалық пен Қостанай қаласындағы медициналық колледждерге тапсырыс беріп қойыпты.DSCN1043
– Әрине, кадр мәселесі бәрін шешеді. Бірақ, бізде айтарлықтай маман тапшылығы орын алып отыр­ған жоқ. Өткен жылы бізге ерлі-зайыпты жас мамандар келді. Екеуі де Қарағандының медициналық университетін хирург мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде біз оларды пәтермен де, бір реттік көтерме жәрдем­ақымен де қамтыдық. Жыл сайын осындай жас дәрігерлердің келуі мен  білікті мамандарымыз­дың арқасында әлеуметтік маңызы бар аурулардың да көрсеткіші төмендеді. Сондай-ақ, біздегі дәрігерлердің дені ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Тіпті, зейнеткерлікке шықса да, әлі күнге дейін еңбек етіп жүрген майталман мамандарымыз баршылық, – дейді Айман Оразбаева.DSCN1052
Соңғы жылдары аудандық ауруханада заманауи медициналық құрылғылармен  ғана емес, техникалық жабдықталу жағынан да оң өзгеріс­тер бар. Қазіргі күні орталық аурухананың 18 медициналық көлігі бар екен, соның 12-сі ауылдық жерлерде. Бас дәрігердің айтуынша, 2013 жылы рес­публика қазынасынан бөлінген 17,5 млн. теңгеге реанимабиль көлігі сатып алыныпты. Осы көліктің арқасында қазір шалғай ауылдардағы ауыр халдегі сырқаттарды тасымалдауға да мол мүмкіндік туған. Мұның сыртында аурухана өз қаржысына және аудандағы «Зуев», «Парасат» серіктестіктері бөлген қаражаттың арқасында құны 5 млн. 300 мың теңге тұратын жедел жәрдем көлігіне де қол жеткізген.
Алтынсарин ауданы.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓