Денсаулық күнін бір отбасыдай атап өтті
Қостанай облысы полиция департаментінің қызметкерлері «Динамо» спорттық базасында отбасыларымен жиналып, халықаралық Денсаулық күнін атап өтті.
Іс-шараның ашылуына Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Ардақ ЫНТЫҚБАЕВ қатысып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бұл – адамды шабыттандыратын және салауатты өмір салтына шақыратын ерекше мереке. Сондықтан біз осындай отбасылық мерекені өткізуді дұрыс деп шештік, өйткені отбасы – адамның ең басты байлығы. Туған-туысқандарының дені сау және дін аман болса, жұмыс та жеңіл жүреді. Әрдайым көңілді болыңыздар, спортпен айналысып, жаңа күш-жігермен жұмысқа шығуларыңызға тілектеспін,-деді А.ЫНТЫҚБАЕВ.
Жарыс базаның барлық бөлігінде өтті. Атап айтсақ, шағын футбол, жағажай волейболы, көңілді старттар, дартс ату, гір көтеру, армреслинг бойынша өткізілді. Армрестлингтегі жеңісінен кейін Қостанай ауданының полиция бөлімінің қызметкері Станислав Стародубов өз әсерімен бөлісті.
– Мереке алдында өте пайдалы іс-шаралар деп ойлаймын. Көңіл-күй керемет. Ең бастысы, басқа аудандардан келген әріптестермен қарым-қатынас орнатып, жақыннан танысу және спорттық жарыстардың ұйымдастырылуы. Бүгін солардың бірінде бақ сынадым, дәлірек айтқанда, армреслингтен. Жігіттердің бәрі мықты, күшті, бірақ жарыстың жазылмаған ережесі бойынша тек ең мықты ғана жеңіске жетеді. Бүгінгі шараға жұбайыммен келдім, ол да дән риза,-дейді жеңімпаз.
Бастысы, балалар қуанышты, бір-бірімен танысып, жаңа достар табуда. Түрлі конкурсқа да қатысып көріп, бағалы сыйлықтарға ие болды. Спорттық жарыстардан соң барлық жиналған қауым әскери ботқадан ауыз тиіп, естелікке суретке түсті.
Кенже Қонысбай,
Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі