Тілектер орындалды
Рудныйда қала күніне арналған қайырымдылық акциясының қорытындысы шығарылды.
Осыдан бір ай бұрын Рудный қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастамасымен «ОӘД» сауда үйінде «Тілектер ағашы» орнатылған болатын. Оған жетім және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан балалар өз тілектерін жазып қалдыруға мүмкіндік алды. Қайырымдылық шараға қала тұрғындары бірден үн қосты. Ең бірінші боплып ұйымдастырушыларға Александр Глейзер есімді азамат қоңырау шалып, бір тілекті орындауға дайын екендігін жеткізді. Дәл сол күні белгісіз болуды қалаған тағы да 4 адам хабарласып, балалардың сұрағанынан да көп нәрсе сыйлады. Акцияға қарапайым тұрғындармен қатар «Экос», «Меркурий», «ТОТ», «Злак плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Приз» дәмханасы мен «Еуразиялық банкі» белсене араласып, бір топ бүлдіршінге көмек қолын созды.
Шараның жалпы қорытындысы бойынша 26 бала қалаған сыйлықтарына ие болды. Осылайша рудныйлықтар қайырымдылық пен мейірімділіктің үлгісін көрсетіп, балалардың болашағына бей-жай қарамайтындықтарын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қуаныш Есқабыл
Рудный қаласы