Ұлы Жыланшық құпиясы
Торғай жерінен құнды жәдігер табылды. Бұл туралы өлкетанушы Амандық Әмірхамзин өзінің фейсбук парақшасында қалың елден сүйінші сұрап жазған.
«Сүйінші!
2019 жылғы 6-8 шілде аралығында біздің Торғай жеріне жасаған экспедициямыз нәтижесінде Ұлы Жыланшық өзені бойынан тапқан ескерткіштеріміз, ғалым-зерттеуші Ғизат Табулдиннің айтуынша, Шыңғыс хан ұрпақтарына тиесілі болып шықты, шамамен 15-16 ғасыр кезеңі деседі. Осыдан бірнеше жыл бұрын "Алтын Дала" резерватының "Ұлы Жыланшық" учаскесі аймағынан осындай тастардың бір сынығын тауып, кейін сол маңға қайта көміп кеткен едік!

Міне, қасиетті Ұлытаудан бастау алатын Ұлы Жыланшық өзінің тағы бір құпиясын ашты», – деген. Ол сонымен қатар бұл іс әрі қарай зерттелуге тұрарлық екенін де айтқан.
«Ендігі кезек ғалымдардың, зерттеушілердің еншісінде, мемлекеттік билік пен "Алтын Дала" резерватының басшылығы бұған жіті көңіл бөліп, Үкіметіміз қорғауға алып және облыстың Киелі жерлер тізіміне енгізілуі тиіс деп санаймын! Айтқандай, атақты Сырлытам да зерттеуді қажет етеді!», – деп орынды пікірін білдірген.
Талай сырды ішіне бүккен Торғай даласында біз білмейтін дүние әлі де көп екені белгілі. Көпшілік бұл жаңалықты қуана қабылдап, пікірлерін білдіруде. Торғай жеріне жасалған экспедиция барысында біраз іс тындырылып, көп дүниеге бастамашы болатын жаңалықтар ашылуда. Бетінде жұлдызшалар мен өрнектері бар бұл тастардың нақты тарихы алдағы уақытта белгілі болады.
"Бұл жерде үлкен қорым бар, жанында тарихи ескерткіш Дуана тамы тұр, бұрын осындай тастардың 30-40-ы болыпты. Жақында осы жерден аталарымызға кесене тұрғызылды және жанында үлкен алаң көп, барлық аумақты бақылауға болады, бәлкім стратегиялық нүкте болар", – дейді Амандық ағамыз.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА