Денсаулығың өз қолыңда!
Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап республика бойынша “Денсаулық жолы” кең көлемді акциясы өтуде. Оның мақсаты – салауатты өмір салтын қалыптастыру және көптеген аурулардың алдын алу мәселелері бойынша ауыл тұрғындарына ақпараттық білім беру және практикалық көмек көрсету болып табылады. Аталмыш акция аясында облыстық саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының мамандары да Затобол кентіндегі “Алтын дән” мәдениет үйі базасындағы кітапханада ауқымды іс-шара өткізді.
Шара барысында орталық мамандары кітапхана ұжымына зиянды әдеттерден сақтану жолдары, дұрыс тамақтану, онкологиялық аурулардың алдын алу туралы жазылған түрлі үнпарақтар таратып, саламатты өмір салтын ұстану жайлы кеңестер берсе, Қостанай аудандық ауруханасының дәрігерлері тұрғындардың қан қысымын өлшеп, қандағы қант пен холестерин мөлшерін анықтады.
– 1 шілдеден бастап біздің облыста да “Денсаулық жолы” кең ауқымды акциясы аясында ауылдық жерлердегі тұрғындардың денсаулығын нығайту, оларды саламатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілуде. Бұл жолы Қостанай ауданының тұрғындары үшін дұрыс тамақтануды, жеткілікті дене белсенділігін насихаттау, инфекциялық емес аурулардың алдын алу бойынша арнайы акция өткізіп жатырмыз. Мұндай акцияларды алдағы күндері Науырзым, Таран, Федоров, Қарасу, Ұзынкөл, Қарабалық, Меңдіқара аудандарында да өткізетін боламыз. Шыны керек, күнделікті күйбең тірлікпен өз денсаулығымызға көңіл бөлуге де уақыт таппай жатамыз. Ал, бүгінгі шара аясында қаншама адам өз денсаулығын тегін тексеруге мүмкіндік алып жатыр. Сондықтан, облыс тұрғындарына айтарымыз, денсаулықты нығайтуға арналған кез-келген шарадан қалыс қалмаңыздар. Зиянды әдеттерге әуестенбей, өз денсаулығын күтіп, спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанған адамның ғана дені сау және ұзақ өмір сүре алады, – дейді орталықтың атқарушы директоры А.Садуақасова.