Мерей мен марапат
4 маусым – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері күні қарсаңында «Мен патриотпын» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды. Дәстүрлі жобаның үздіктерін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан орыбасары Марат Жүндібаев құттықтап, марапаттау рәсімін жүргізді.
Облыстық Ішкі саясат басқармасының жыл сайынғы байқауына биыл 103 үміткер қатысқан. Олардың ішінен әр салада табысты қызмет етіп, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген еңбегі елеулі 15 азамат үздік деп танылды.
«Ең әуелі, баршаңызды ҚР Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын! «Мен патриотпын» байқауының осы мерекеге орайластырылуының мәні бар. Өйткені мемлекеттік рәміздер – асқақ отансүйгіштіктің нышаны іспетті, – деді жиынның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаев. – Биыл он аталым бойынша 15 жеңімпаз анықталды. Жыл сайын марапаттау рәсімі патриоттар форумы аясында өтетін. Биыл облыстағы карантиндік шараларды сақтап, тар шеңберде ұйымдастырып отырмыз. Біз бүгін 9 үздікті марапаттамақпыз. Дәл осы уақытта аудан-қалаларда қалған жеңімпаздар құрметіне осындай жиындар өтіп жатыр».
Марат Жүндібаев жеңімпаздардың барлығының есімін атап, жетістіктерін жіпке тізді. Мәдениет, білім-ғылым, спорт, медицина салаларында халықаралық сындарды бағындырған, қоғамдық өмірге зор үлес қосып жүрген олардың әрқайсысы ерекше құрмет көрсетуге тұрарлық. Әсіресе, биыл төтенше жағдай кезінде алғы шепте жүріп, ізгі ісімен көпке үлгі болған азаматтардың есімі елеусіз қалмады. Олардың қатарында Жангелдин ауданының Тоқанай ауылында тұратын 70 жастағы Қамай Қапаров бар. Қарияның ауыл маңына қойылған блок-бекеттің сақшыларына күн сайын үйінен тамақ әзірлеп апарып, қамқорлық көрсеткені елге аян. Ақсақал бұл өнегесімен бүкіл елдің сүйіспеншілігі мен алғысына бөленген еді.
(сурет архивтен алынды)
Ерлік ісімен көзге түскен тәртіп сақшылары да марапатқа ие болды. Олар – Қостанай қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері Жанболат Жаутин мен Амантай Байжанов. Қос полицей 22 сәуірде облыс орталығындағы Алтынсарин көшесінде көпқабатты үйді шарпыған өрттен 15 адамды құтқарып қалған. Батырлар осы ерліктері үшін Ішкі істер министрінен медаль алыпты.
«Карантин кезінде қызметімен ерекшеленген тәртіп сақшылары қатарынын көрініп, прокуратура алғысына да бөлендік. Бүгін де облыс әкімінің марапатын алып жатқаныма қуаныштымын, – дейді Жанболат Жаутин. – Бауыржан Момышұлы айтқандай, «батырлық туа біткен қасиет емес, бойға сіңірген тәлім-тәрбиенің жемісі» ғой. Сондықтан, қызметімізге, Отан, адамгершілік, ар алдындағы борышыма адал болуға әркез тырысамын».
Жүлдегерлер ішінен спортшы қыз Надежда Рябецтің де атын айрықша атай өткен жөн. Ол – Қазақстанның бокс құрамасы сапында Токио олимпиадасына жолдама жеңіп алған жалғыз нәзік жан. М.Жүндібаев: «Надеждаға артылатын үміт зор. Бүгінгі кішігірім марапат олимпиада жүлдесіне ұлассын»,- деп тілек білдірді.
Жалпы, есімдері ардақталған үзіктердің қай-қайсысы да Тобыл-Торғай топырағының мақтан етуге лайық дарындарға бай екенін тағы бір дәлелдеп бергендей.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков