Білім – кітапта!
Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана ұжымы Қазақстанның Еңбек Ері, қоғам қайраткері Сайран Бұқановпен кездесу ұйымдастырды. Айта кету керек, рухани орталық жас ұрпақ үшін тағылымға толы мұндай басқосуларды соңғы кездері жиі өткізіп жүр. Бұл жолғы шараға студенттермен қоса, зиялы қауым өкілдері де келді. «Біздің заманымыздың мақтанышы» деп аталған кездесуде Сайран Балкенұлы ұзақ жылдары басқарған «Қарқын» ЖШС-нің келелі істері туралы телесюжет көрсетілді. Артынша осынша табысқа жетудің сыры туралы қоғам қайраткерінің өзі әңгімелеп берді.
-Кез келген адам алдына тиісті мақсат қоя білуі шарт. Сонда ғана биік белеске көтерілуге болады. Мен әкеден жастай қалдым.Бірақ, ешқашан қиындыққа мойығам жоқ. Нелер ауыр еңбекке араластым. Қоғамның жүгін көтерісуге жәрдемдестім. Мен бүгін үлкен абырой-атаққа кенеліп отырсам, соның бәрі адал еңбектің арқасы. Аянбай еңбек ету үшін алдымен білім керек. Ал білімнің негізі – кітапта, – деді Сайран Балкенұлы,- Кітапты көп оқу керек. Іздегеніңді табасың. Жұмысты ауыр-жеңілге бөлме, түбі мақсатың орындалады. Егер мен аграном болмағанда, тарих пәнінен сабақ беретін мұғалім болар едім…
Білікті маман жастарға осындай ақыл-кеңес берді. Меңдіқара ауданына қарасты «Қарқын» ЖШС-і облыстағы алдыңғы қатарлы санаулы шаруашылықтың бірі. Мұнда тұрғындардың барлық әлеуметтік мәселесі шешілген. Серіктестікте 200-ден астам адам тұрақты жұмыс істейді. Мұның сыртында науқандық жұмыстар кезінде қосымша еңбек күші тартылады. Агрофирма егінмен қатар, асылтұқымды мал өсіреді. Қаз фермасы бар. Қатардағы агрономдықтан кеңшар директорлығына дейін көтерілген білікті ауылшаруашылық маманы «Қарқынды» отызға жылға жуық басқарып, үлкен табысқа кенелтті. Қазір шаруашылықты Сәкеңнің баласы Еркін Бұқанов басқарады.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Ақбота Сақұлова.