Жаңа үй – жаңа өмір
Рудный қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бес қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның біреуі жоспар бойынша қараша айында, екіншісі келесі жылы пайдалануға берілмек.
10 бір бөлмелі, 20екі бөлмелі және 20 үш бөлмелі пәтердің аудандары тиісінше 38, 55 және 67 шаршы метрді құрайды. Баспаналар кезек бойынша әлеуметтік аз қорғалған отбасыларға үлестірілмек.
Бас мердігер «РудныйСоколовҚұрылыс» АҚ құрылысқа қажетті материалды пайдалануда жергілікті компанияларға басымдық беріп отыр. Мысалға, кірпіш «Стройпромгрупп-2030» пен «БК-Стройпромның» өнімі болса, цемент жаңадан ашылған Рудныйлық цемент зауытынан сатып алынған.
Айта кетейік, кеншілер қаласында соңғы жылдары Ленин, Сандригайло, Қашар көшелерінде құрылысы бітпей, қаңырап бос тұрған үйлер қайта қалпына келтіріліп келді. Ал су жаңа үйлер тұңғыш рет Восточная көшесінде салынып, өткен жылы пайдалануға берілді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ