ЖАЗБА АЙТЫС: Аслан мен Таңжарық

"Қостанай таңы" газетінің өз оқырмандарына жасаған рухани тартуы – "Құтты мекен – Қостанай" республикалық жазба айтысы жүйріктердің жүйрігін іріктеуді одан әрі жалғастырады. Үздік шығудан үмітті келесі жұп – қостанайлық Аслан Қанғожин мен елордалық Таңжарық Ержан. "Жүйріктің жаны кірер терлегенде" демекші, қос тұлпардың кезеңнен-кезеңге көшкен сайын қарқыны үдей түсері сөзсіз. Ендеше, екеуіне де сәттілік тілей отырып, қайсысының оза шабарын бақылап көрейік!
Без имени-1
Аслан:
Көрсетіп көп алдында дүбір, екпін,
Көкейге көркем ойдың гүлін ектім.
Күлігін ерттеп мініп қара өлеңнің,
Көсіліп қарқынымды бір үдеттім.
Көмбеде бізді күткен елге сәлем,
Көңіліңнен айналдым, құдіреттім.
Кешегі бабалардың жолыменен
Кәделі салт-санаңды күнім еттім.
Кем сөйлеп қалып жатсақ оқта-текте,
Кемелге келтіреді сыны көптің.
Кестелі жыр өрейік, ал ендеше,
Кең пішкен шапанындай ұлы бектің.
 
Үскілеп елдің ішін, сілкілеп бір,
Үрдіске қарсылар жүр күркіреп кіл.
Үндері дуға ұласып пісіп-ақ тұр,
Үйірде кейбіреу жүр «дүркіреп» құр.
Үрлеген шудың шоғын әрекет көп,
Үрейсіз мәмілені күтіп ек бір.
Үйілген мәселені бірыңғайлап,
Үлкен іс бастаймыз деп үкімет тұр.
Үйдің ішін жаужемтік көре бермей,
Үлесіңді толтырар құты деп біл.
Үдергеннің бәріне ере бермей,
Үмітті де қоялық үкілеп бір.
 
Науат күннен күтерім менің де алда,
Несібеден айырма жерімді, Алла.
Нәуетектей көргендер қазағымды
Не жетекке көнбей жүр, не бұрғанға.
Нүктесі әр сөйлемнің болатындай,
Нағыз күн туар әлі, небір заң да.
Нанын бөліп берсе де басқа ұлттарға,
Намысын қолдан бермес елім барда.
 
Бірлікке барша жұртты шақырғаны –
Балаңның елдік үшін аһ ұрғаны.
Бірлік жайлы Таңжарық не дейді екен,
Байқайық, болар бәлкім татымды әні.
Бізге айтатын бар-ау бір базынасы,
Бір сөзінен аңғардық жақындағы.
Басқа ұлтқа ауданды қидыңдар деп,
Бұл інім Абылайға атылғаны.
«Бұдан да жаман кезде тойға бардық»,
Білсе екен басқа жақтың ақындары.
Би-ағаңа бір аудан атын бердік,
Бұны үкімет жақында мақұлдады.
Бұған дейін жеті аудан аты ауысқан
Бөгде тіл, біреулердің атындағы.
Бұл жұмыстың біреуін айта алмапсың,
Болғанмен ақындардың батылдауы.
Балалығың шығар деп кешірейін,
Бұдан қатаң қаралар мәтін заңы.
 
От көсеп, тілмен орақ орасыңдар,
Осылай бәрің «мықты» боласыңдар.
«Ормандай орысы көп Қостанай» деп,
Ойпырм-ай, бір кемсітіп қаласыңдар.
Осы кей ақындарды түсінбеймін,
Облысқа кінәны тағасыңдар.
Ортамызда жүргендей майдан ашып,
Отырып ап сайрайды одашылдар.
«Оларың олай емес, былай ғой» деп,
«Оғаштау» бір нәрсені табасыңдар.
Ошақтың бас жағында жүріп алып,
Ойласпай отынды кеп саласыңдар.
 
Лебізім жырымдағы лебіммен,
Лайым үндессе екен тілегіңмен.
Лидердің біреуі бол өлеңдегі,
Лайық қарсылас деп білемін мен.
Лаң емес, достық ізін салар деймін,
Лағылдай жыр ағылсын жүрегіңнен.
 
Таңжарық:
Қанатты жайдың, аға, кеңге бұл күн,
Бірі едің бір Аллаға сенген ұлдың.
Басталмай жатып жазба айтысымыз,
Ініңнің құлақ етін сен кемірдің.
Ауданды айтып, Абылай Мауданды айтып,
Қажеті не құр босқа сенделудің?
Ескертіп жатырмысың бауырыңа
Ескерусіз қалғанын еңбегіңнің?
Бәрін сөз қылу үшін отыр ма едің
Қай ауданға қандай ат бергеніңнің.
Аудандық емес, ұлттық деңгейде ойлан,
Ішінен шығып шағын шеңберіңнің.
Борышы ғой бұл әрбір азаматтың,
Оқығанда ұяттан жерге кірдім.
Есімдерін берсеңдер лайықты олар,
Ертеңін ойлап кеткен ел-жерімнің.
Ауданға атын бердім деп міндет қылма,
Ел үшін жанын берген ерлерімнің.
 
Берсе екен қазағыма Аллам көмек,
Шықса да қанша қиын алдан бөгет.
Сайлаудың нәтижесі мәлім болып,
Бар әлем бізге назар аударды, елеп.
Қосанов, Тоқаев деп қақ жарылып,
Ұлт үшін өте қиын таңдау боп ед.
Дауыстары саналмай дау-дамай боп,
Көбейді сайлау жайлы жалған дерек.
Өз ішінен еліміз бөлінбесін,
Онсыз да сыртымызда жаулар көп ед.
Қазақтың үш жүзінің басын қосқан,
Данышпан Абылайдай xандар керек.
Митингке шақыратын емес, бізді
Бірлікке шақыратын жандар керек.
 
Тектілер түлеп ұшқан бұл кентіңде,
Көбейді қазақша атау күннен-күнге.
Тариxта алтын әріппен аты қалды,
Бейімбет қызмет етіп діл мен тілге.
Ауданға атын беріп алты алашым,
Бұл күні аспанға атып жүр бөркін де.
Сөз кезегін берейін енді өзіңе,
Қостанайлық едім деп тым желпінбе.
Айбектей ағамыздың даңғыл жолын
Тобадай жалғастырды ұл бертінде.
Сен де ақын деген атқа лайық болып,
Омардан мұра болған жырды өлтірме.
Арыстарға бердік деп арындаған,
Атына аудандардың кір келтірме.
 
Несіне шамырқанып, шарпысайық,
Қимайтын дос көңілмен тартысайық.
Көздің майын тауысып оқыса елім,
Сөздің майын тамызып айтысайық.
 
Аслан:
Қақың бар құлашыңды кең сермеуге,
Қанаттан, қаратып ап еңсеңді өрге.
Қисыннан қиғаш кетіп қала бердің,
Қайығың тынық күнде теңселген бе?
«Қажетсіз сенделу» мен «міндетсу» деп,
Құрсадым деп тұрмысың сен шеңгелге?
Қадірін Қостанайдың білсін десем,
Қалыбым «аудандық» боп өлшенген бе?
Қызметін қандастардың құндамастан,
Қалай сен шығып кеттің «кең шеңберге?»
Қандай «деңгей» екенін білдік, мұнда
Қазақ үшін боп жүрсе ел шерменде.
 
Арыстар мекен еткен бұл араны,
Алаш деп шырқалыпты ұран, әні.
Ахаң мен Жахаң, Елдес көзін ашқан
Арқырап ағып жатыр бұлақ әлі.
Ал енді Би-ағаңның орны бөлек,
Айтар ем бір биік деп мұнаралы.
Алашқа қызмет етіп келе жатыр,
Артына қалдырған мол мұралары.
Айқындап қоғам кейпін образдары,
Алдыңа айдай анық шығарады.
Анау Мұқыш, Құрымбай арамызда,
Аңдасаңыз, сол қалпы бірақ әлі.
 
Заңдылық шығар бәлкім бұл да әмәнда,
Залымнан мынау ғалам құрғаған ба?!
Зейіні көпшіліктің – «Оңай олжа»,
Заманың тыныштық па, шырғалаң ба.
«Зәдәткі» тілеп жүріп Степаннан,
Зауқайыр байыған көп бұл қоғамда.
«Значит» деп бастайтын әрбір сөзін,
«Законный» Құбақандар жүр араңда.
 
Апыр-ай, қайсыбірін тауысамыз,
Алда әлі біз олармен «табысамыз».
Алғаусыз сендіреді әр кейіпкер,
Айтарсыз сіз де оларды танысаңыз.
Ақыным не дейді екен деп тағы да,
Ақырын қарсыласқа ауысамыз.
 
Қарағым, қасарыспай сен менімен,
Қолданшы сөзді әуелі жөн-жөнімен.
Қалай сен «ұялдым» деп соға салдың,
Қай жерде ұялуды мен де білем.
Қарсылас, түсінігің қызық екен,
Қайта өзің шықшы соның шеңберінен.
Қоғамда ұялтатын басқа жайт көп,
Қаша алмайсың, әрине, елдегіден.
Қазақша «сөйлегенде» кей басшылар,
Қарадай қымтырылып, жерге кірем.
Қарқынына заманның ілесе алмай,
Қағып босқа қаламыз кеуде кілең.
Қазақта проблема біткен бе еді,
Қайсыбірін тауысып мен кемірем.
Қайта біз Қостанайды жырлайық та,
Қашаннан аты шыққан еңбегімен.
Қомақты инвестиция құйылуда,
Қытай, Ресей, әлемнің жер-жерінен.
Қазақ үшін баянды болсын дейік,
Құдайым айырмасын бергенінен.
 
Таңжарық:
Еске алып Бейімбеттей нар бабаны,
Отырмын бабама өлең арнағалы.
Қоймайсың бүй дедің деп, сүй дедің деп
Қаламды бұл айтысқа қамдағалы.
Өзің атқан оғыңмен өзіңді атсам,
Ініңді айыптаудың бар ма мәні?
Өмір деген бумеранг қарап тұрсаң,
Бұйырса, көреріміз алда бәрі.
«Жігіт болсаң, бопсаға шыда» деген,
Несіне бұл ағамыз шамданады?
Адамдардың өзіңе жасағанын,
Өздеріне жасасаң, таң қалады.
 
Жалауы өлеңімнің жығылмасын,
Жығылса Таңжарықтай бір ұлға сын.
Құрымбайды етіпсің тілге тиек,
Аслан, ұзақ болсын ғұмыр жасың.
Күләшті атап өтейін мен одан да
Анамнан ақын болып туылғасын.
Құралай көз қыздары қазағымның
Құрымбайдай қуларға ұрынбасын.
Қарагөз қарындасты қорғап өтем
Қара жерге жеткенше жұмыр басым.
 
Күләштай қыздар қайда үйді іздеген,
Қабағын ата-ананың түйгізбеген?
Бойжеткендер санаулы жүретұғын,
Зере мен Ұлжан салған игі ізбенен.
Ары бар, намысы бар әкелер аз,
Қыздарын ашық-шашық кигізбеген.
Келіндерің азайды еріндерін
Кеседен басқа жерге тигізбеген,
Некесін біреуменен қимай тұрып,
Шекесін ешкімге де сүйгізбеген.
 
Айтысым жас ұрпаққа мирас бүгін,
Осыны ұға алмай жүр кей жас буын.
Құлап жатып күлгендей сүрінгенге,
Қисыннан кетті дейсің қиғаш жұбың.
Білген жөн өзіңнің кім екеніңді
Біреу жайлы мәлімет жимас бұрын.
Бүгінгі кей адамдар түсінбей жүр,
Ортаға тек өнермен сыймастығын.
Бір жылдары даламда айтыс өтіп,
Жаңғырған өлең-жыр, ән, күй, дәстүрім.
Сол жерде Омар атамыз топты жарып,
Көп ақынның тыйыпты тыймас тілін.
Жамбылға жол беріпті Омар сонда,
Көрсетіп көңілінің қимастығын.
Мәрттігіне разы боп Жамбыл атам,
Шапан жауып жасапты сый, жақсы ырым.
Бірін-бірі көре алмай бұл күндері,
Кей ақындар қылып жүр бейбастығын.
Шайырларға бере гөр, я, Құдайым,
Жамбыл менен Омардың сыйластығын!
 
Аслан:
Жақсының жүрсін десем қатарында,
«Жығылдың» деген жаңа шатағың ба?
Жарқыным, саған күлген жерім жоқ ед,
Жөн сөзді бұрып әкеп қата қылма.
Жығылған, жаңылғандар аз ба өмірде,
Жалғанның адасқандар жапанында.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді қазақ,
Жадымызда жатталған мақалында.
Жолыңның болуына тілектеспін,
Жыр-желкенің керілген сапарыңда.
Жамбыл, Омар жасына жеткен шақта,
Жарқырап тұрсын лайым атағың да.
Жұрт сыйлап жабар сонда шапанын да,
Жүйрігін, атар талай атанын да.
 
Аталар-ай тұндырған күй көңілге,
Арқыратып өлеңді құйды өмірге.
Аласапыран заманда Омар ақын
Арғылардың дерегін жиды өңірде.
Арқау етті жырына Хан Кенені,
Ақ патшаның азабын, күйреуін де.
Амангелді сардармен жолдас болды,
Ақ қағазға түсірген түйгенін де.
Алпыс жастан асса да майдан барған,
Аяқ созып жатпапты үйде мүлде.
Ақын болсаң солардай болу керек,
Артында із қалдырып, сүйді елін де.
Атамыз қаншама еңбек жазып кеткен,
Ал соның жасай алсақ ширегін де.
Ақынбыз деп айтармыз Алла жазса,
Алқалы ел арқа қағып, сүйгенінде.
 
Қондырған көкейіме мәңгі үмітті,
Құтты өлкем, сені жырлау заңдылық-ты.
«Қос айқаймен көтеріп Қостанайды»,
Қоюлап Нұрхан даусы жаңғырыпты.
«Қостанай еш қалаңнан кем емес» деп,
Қадірлі Сырбай ақын ән қылыпты.
Қазіргі жайын жырлап көрсек деп ем,
Қолқамды назарды тыс қалдырыпты,
Қарасақ, төрт-бес жылдың айналасы
Қаламда жаңа аудандар сән құрыпты.
Қандастарға толтырсақ соның бәрін,
Қажырлы іс тындырар ек мәнді, мықты.
Құрауда электрлі жеңіл көлік,
Қаражат оған молдап салдырыпты.
Қолға алған инвестиция жобалары
Қажетті салаларға қан жүгіртті.
Қазынаң арта берсін, Қостанайым,
Құдайым саған байлық жаудырыпты.
 
Сенде, елім, жаным гүлдеп күн кешемін,
Сенде артам алдағы мол күнге сенім.
Сен десе сезім билеп өн бойымды,
Сайрайды көкейдегі тіл көсемім.
«Сау болмен» мен әзірге доғарайын,
Сағыныш көлін бәлкім бір кешемін.
Сен де енді көсіліп көр, ал, бауырым,
Селдетіп төгер кезің жыр нөсерін.
 
Ыбырайдай көрсетсең дана үлгі,
Ықыласпен оқиды ел ғазалыңды.
Ынтымақ, берекеміз арта берсін,
Ырыстан айырма, Алла, қазағымды.
 
Таңжарық:
Қайтейін өтірікті рас қылып,
Дерті тұр бұл қоғамның тым асқынып.
Айтыспенен ұмытып бар уайымды,
Қиындықты жібердік қыр астырып.
Жыраулардың жалғасы емес пе едік
Жыр айтар таңды таңға ұластырып.
Екі күн жаздың-ау бір жауабыңды
Құлшынып отырғанда құлашты ұрып.
Өлеңнің бәрін бастап бір әріптен,
Отырдың ба кроссворд құрастырып?
Жоқ әлде қалай жауап беремін деп,
Жүрдің бе ақындардан сұрастырып?
 
Омардай кім білмейді бабамды әйгі,
Жүректе отты жыры алаулайды.
Осал адам болмапты әкесі де,
Өнерге бар өмірін ол арнайды
Ыбырайға атқосшы болды деген
Тариxта мәліметтер көп ол жайлы.
Қисса, жыр-дастандарды жатқа біліп,
Айтпаған әләуләй мен xәләуләйді.
Айнытпай аң-құстардың дауыстарын
Дәл ешкім Шымболаттай  сала алмайды.
Сонда орыс жолдастары Ыбырайдың,
"Шипа" деп қалжыңдасып көп ойнайды.
Содан Шипин болған деп тегі Омардың,
Шежірешіл шалдарым бағамдайды.
Қанына тартып туған Омар бабам
Ақын боп ұлтым үшін алаңдайды.
Әкесінің тәлімі соның бәрі,
Ертеңің іргетассыз қаланбайды.
Бір әкенің беретін тәрбиесін
Жүз мектеп те жабылып бере алмайды.
 
Орақ тіл, от ауызды нар ақыным,
Омардың салған жолы даратұғын.
Жырына Имановты арқау етіп,
Тілеген азаттықтың таңы атуын.
Мұxаметқали атты оның немересі
Ашыпты Шипиндардың жаңа қырын.
Жүр одан руxани азық алып
Қарапайым орыстар қарақұрым.
Омар ата секілді ұстаз болып,
Жастардан аямай жүр бар ақылын.
Өзге ұлт өкілдерін өгейсінбей,
Өзінің үйретіп жүр ана тілін.
 
Сенімді ақтап жоғары өрледіңіз,
Ырысқа тола берсін төрлеріңіз.
Айтысты аяқтайын мен де осымен,
Төгілсін ел деп әркез терлеріміз.
Аслан аға, енді өзің аман болғын,
Болса егер кешірерсіз кем жеріміз.
Әрдайым жана берсін еңбегіңіз,
Жеңілгеннен көп болсын жеңгеніңіз.
Қиындықты қаншама көрсе дағы,
Қиянатты көрмесін енді еліміз.
Есінде еліміздің қалсын мәңгі
Бейімбет пен Омардай ерлеріміз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓