Арыстағы жарылыс: Қостанайда жедел желі іске қосылды
Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінде оқыс жайттарға байланысты 8 (7142) 50-36-24 жедел желісі іске қосылды. Сондай-ақ, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары мен шұғыл психологиялық көмек көрсету үшін "112" нөмірі қызмет етеді. Психологтар жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, 24 маусымда Түркістан облысының Арыс елді мекенінде жойқын жарылыс болған еді. Қорғаныс министрінің әскери бөлімінің аумағындағы ату жарақтары қоймасындағы өрт туралы дабыл облыстың орталық өрт сөндіру бекетіне сағат 9.20-да келіп түскен. Оқиға орнына күштік құрылымдар мейлінше жұмылдырылып, 15 бірлік өрт сөндіру техникасы, 1 командалық-штабтық машина және жеке құрамның 75 адамы жіберілді. Қазір оқыс жайттың зардабымен күресу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, жапа шеккен адамдар саны 71-ге жеткен.