Шаңырақтың шырағысың, шаттығы!
Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты кеш ұйымдастырылды. Оған өңір басшысы Архимед Мұхамбетов қатысты.
8 наурыз – әлемдегі ең асыл жандардың жарқын мерекесі. Бір ғасырдан астам уақыт бойы осы мереке дүние жүзінің 80-нен астам елінде, сол секілді біздің мемлекетімізде де ерекше аталып келеді.
– Әйел – отбасының ұйытқысы, бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы. Сонау қиын-қыстау жылдарда елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да егістікте, зауытта, ғылым мен мәдениет саласында, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде, мемлекеттік қызметте, бизнесте жарқырай көрінген талантты қыз-келіншектердің қосқан үлесі шексіз. Олардың ішінде біздің жерлестеріміз халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың, Социалистік Еңбек Ерлері Кәмшат Дөненбаева мен Алевтина Кузьминаның істері осыған дәлел. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «отбасында және қоғамда әйел сыйлы болса, еліміз үшін алаңдамауға болады» деген еді. Сондықтан бүгінгі күні гендерлік саясатты жүргізу аясында біздің облысымызда да көп жұмыс атқарылуда, – деді Архимед Мұхамбетов құттықтау сөзінде.
Расында Қостанай облысы гендерлік саясатты жүзеге асыру жолында белгілі бір жетістіктерге жетті. Бірінші кезекте, ер азаматтар мен әйелдердің еңбек жағдайларының теңдесуі. Оның ішінде бизнес, саясат және мемлекеттік басқару, білім беру және денсаулық сақтауға тең құқықтылық, сонымен қатар, ана мен баланың жан-жақты қамтамассыз етуін қамтиды.
Облыстың жергілікті атқарушы органдардағы 134 әйел лауазымды жұмыстарды атқаруда. Оның ішінде 5 облыстық басқарманың басшысы, 8 қала-аудан әкімдерінің орынбасарлары, 34 ауылдың әкімі бар.
Өңір басшысы айтқандай, Қостанай облысында 6500 ана «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерінің иегері. Бүгінгі кеште олардың 20 шақтысы Архимед Мұхамбетовтің қолынан лайықты марапаттарына ие болды.
Мұнан соң атқарушы билік өкілдерінен бастап, кәсіпкерлер, спортшылар және қоғамдық ұйым өкілдері нәзік жандарды мерекелерімен құттықтады. Мәселен, облыс әкімі аппаратының басшысы Арман Әбенов кеш жүргізушісі болса, облыс әкімінің орынбасарлары Ғауез Нұрмұхамбетов пен Марат Жүндібаев ән тарту етті. Cондай-ақ, басқарма басшылары мен жергілікті БАҚ директорлары өздерінің өнерлерін паш етті.
Ары қарай суреттерге кезек берелік…
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев