Меценат миллион теңге сыйлады

1941 жылдың 22 маусымында фашистік Герман әскері КСРО-ның батыс шекарасын бұзып кіргені белгілі. Солайша, адамзат тарихындағы алапат қырғын басталды. Осынау датаға орай, Қостанай облыстық қазақ драма театры «Жорықты жылдардың жігерлі жырлары» реквием жанрындағы қойылымын ұсынды. Спектакль аяқталғанда көрермендер орнынан тік тұрып, үздіксіз қол соғып қошемет көрсетті. Танымал меценат, ауыл шаруашылығы саласының үздігі Өмірзақ Ихтиляпов сахнаға көтеріліп, көрермендер атынан әртістерге алғысын білдірді.64701745_1602199623248208_3433200142625275904_o«Қойылым маған өте қатты әсер етті. Көңілім толқығанын жасырмаймын. Кейіпкерлер өрімдей қыз-жігіттер. Кешегі ел басына күн туғанда осындай жастарымыз қолына қару алып, жан аямай жаумен күресті. Өмірлерін қиды. Шейіт болғандардың бірі, әлгінде аты айтылған менің нағашым – Сұлтан Еркімбаев. Ол Украин жерінде ерлікпен қаза тапты, артында тұяқ қалмады. Анам өмір бойы бауырын жоқтаумен өтті. Кейін Северский Донец өзені бойындағы нағашым жатқан бауырластар зиратын тауып, басына белгі қойдым. Біз сұм соғыс салған зардапты ұмытуға тиісті емеспіз. Тарих одан сабақ алу керек. Қойылым арқылы көрерменге терең ой салған автор мен режиссерге, жанын салып ойнаған әртістерге ризашылығым шексіз. «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыратын – Сіздер сияқты өнерпаздар. Театр – тәрбие ордасы. Сондықтан, өнерлеріңізге құрмет ретінде мен ұжымға 1 миллион теңге аударуға шешім қабылдадым», – деді Өмірзақ Бекділдаұлы. 
Естеріңізге сала кетейік, қойылым тұсаукесері биылғы 9 мамыр – Жеңіс күні мейрамы қарсаңында өткен болатын. Реквиемге театр труппасы түгелге дерлік қатысты.
Қойылым 1941-1945 жылдардағы тыл мен майдандағы жағдайды бірдей суреттейді. Кейіпкерлері жиынтық образ болғанымен, нақты деректер беріледі. Аймақ үшін маңызы зор тарихи фактілер барынша қамтылған. Мысалы, кезінде Кеңес Одағы батыры атағына ұсынылған жерлесіміз Қасым Ахметов, ержүрек жауынгер, арнайы ротаның снайпері Сұлтан Еркімбаевтардың есімдері алғаш рет театр сахнасынан айтылып отыр. Олардың ерліктері ұзақ жылдар бойы белгісіз болып келген еді. Сондай-ақ, соғыс жылдары Қостанай облысына көшірілген зауыт-фабрикалар, майданға ұшақ жасатуға қаржы бөлген Қабаш Қозыбаев сынды еңбек ерендері, Кеңес Одағының батыры атағын алған жерлестеріміз туралы мәліметтер келтірілген. Халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің баласы Тұңғышбайға жазған «Дабылыңды қақ, балам!» толғауынан үзінділер алынған. 
Реквиемде Абайдың «Айттың сәлем, Қаламқасынан» бастап, соғыс жылдары туған әндер шырқалады. Халық басындағы трагедия музыкамен, этюд, қимылмен үйлесімді берілген. Қойылым премьерасында театр жанынан камералық хор ашылғанын хабарлаған болатынбыз. Хорды дайындаған – ҚМПУ профессоры Салтанат Жақаева. (Камералық хор репертуары бүгінде жаңа шығармалармен толығып келеді. Яғни, ізденіс тоқтамақ емес) 
Спектакль ұрандатқан пафостан ада. Халықтың бейбіт өмірге деген құштарлығы, тартқан бейнеті, соңғы дәмін аузынан жырып берген рухани ерлігі, жеңіске қосқан жан-жақты үлесі, жауынгерлердің достығы бәрі-бәрі режиссерлік шешімдермен сәтті берілген. Орындалатын әндер де асқан талғампаздықпен таңдалған. Би, қимыл үйлесімі де мінсіз. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды», қоюшы режиссер, театрымыздың көркемдік жетекшісі Әлия Баймахан автор, хормейстер, хореограф, әртістер, жалпы шығармашылық ұжымның да идеяларын елеусіз қалдырған жоқ. Соның нәтижесінде спектакльдің кей тұстары сахна үстінде жазылды, яғни, сәт сайын жаңа ұсыныстар туындап, жетілдіріліп отырды. 

Абылай Мауданов

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓