Күн тәртібінде –АУЫЗ СУ

IMG_4736Елімізде "Ақ бұлақ" атты мемлекеттік бағдарлама бекітілгенде қуанбаған жан болмаған шығар. Әсіресе, аталмыш бағдарламадан ауылдық жердегі ағайын "ауыз суға қарық боламыз" деп көп үміт күткені де рас. Әрине, аталмыш бағдарлама аясында еліміздің көптеген қала-ауылдарында ауыз су мәселесі толықтай шешімін тапқанымен, әлде де суға қолы жетпей, зарығып отырған елді мекендер жетерлік. Себебі, халықтың қамы үшін бөлінген қыруар қаражат кейбіреулердің қалтасының қыртысын жазып, қаржының дұрыс жұмсалмағанын Елбасының өзі де сынға алып, мән-жайды анықтауға тапсырма берген еді.
Жасыратыны жоқ, ауыз су мәселесіне қатысты жаңалықтардың жағымдысы мен жағымсызын тілшілер қауымы көтеріп те жүр. Олар жаһаннан сүйінші сұрамаса да, ауыл-аймаққа жар салып жағымды хабарды бірінші болып жеткізеді. Өйткені, бір жұтым таза суға зар болып отырған елдің жағдайын олар жақсы біледі. Әрі тұрмыстарымен жете таныс.
Ендеше, аталмыш бағдарлама Қостанай өңірін-де қалай шешімін табуда деген сауалға жауап іздеп көрейік. Әрине, жоғарыда атал-ған мемлекеттік бағдарлама бойынша ешнәрсе орындалмай жатыр деуден аулақпыз. Жыл өткен сайын бірнеше елді мекен ауыз суға қарық болып, тұрғындар алғыстарын жаудыруда. Өкінішке орай, әттеген-ай дейтін тұстары да жеткілікті. Мәселен, облыс орталығына іргелес қоныс тепкен 70 мың тұрғыны бар Қостанай ауданы әкімінің орынбасары  Бауыржан Көпжасаровпен тілде-су барысында бірқатар жағдайға қанықтық. Аудан әкімі орынбасарының берген мәліметі бойынша, Қостанай ауданында  55 елді мекен бар болса, соның 6 ауылы ғана "Ақ бұлақтың" игілігін көруде. Яғни, 70 мың тұрғынның 25 мыңы ғана сапалы ауыз суға қол жеткізген. Нақты тоқталып кетер болсақ, Затобол, Заречный, Осинов, Новоселов, Жамбыл, Семенов,  ауылдары. Ал, Озерное ауылына ауыз су құбыры енді тартылуда. Жалпы, аудан бойынша  44 елді мекенге жергілікті су құбырлары арқылы таза ауыз су беріліп отыр. Бұл жерде 47 мың 904 адам тұрады.
Түсінгеніміз, ауданда суға қолы жетпей отырғандар жетерлік. Айтар болсақ,  Белозер, Октябрь, Жданов, Половников, Глазунов, Самир, Шеминов, Молоканов және Лиманное, Абай ауылдарының тұрғындары таза ауыз суды қашан тұтынғаны естерінде жоқ. Себебі, мұнда мемлекеттік бағдарлама ертегіге айналғандай. Ол арада тіршілік нәрі өте тапшы.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуына қарағанда, осы ауылдар үшін су арнайы көлікпен тасылады екен. Бұл жауапты іспен "Затобол жылу энерго компаниясы" коммуналдық кәсіпорны айналысуда. Осы орайда, тұрғындарды тасымалданған сумен қамтамасыз етіп отырған мекеме басшысы Александр Фищуктің де айтары бар. Айталық, аталмыш кәсіпорын осыдан 6 жыл бұрын 7 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін. Ал, қазіргі таңда олардың саны 14 мыңға жетіпті. Осыған байланысты, тұтынатын тіршілік нәрі адамдар үшін жеткіліксіз. Әр күн өткен сайын мәселе күрделене түскен.
Жергілікті әкімдік өкілдері бұдан өзге де өткір мәселелердің орын алып отырғанын жасырмайды. Мысалы, соңғы 2 жылда  жаз айларында  аудан бойынша су тапшылығы байқалыпты. Су саласына жауапты мекемелер барын салып еңбек етіп жатқанымен, мәселені түбегейлі шешу мүмкін болмай отырған сыңайлы. Осыған байланысты, жергілікті әкімдік Затобол кентіндегі су қорын зерттеп, қосымша су станцияларын салу қажет екенін алға тартады.
Міне, бұл бір аудандағы қалыптасып отырған жағдай. Ал, басқасын айтпағанда Торғай өңіріндегі кейбір ауылдар көлшіктен су ішіп отырғаны да жасырын емес. Ендеше, су тапшылығын көріп отырған тұрғындардың көкейінде"Ақ бұлақтың" игілігін қашан көреміз" деген сұрақтың болуы заңдылық емес пе?
Мешіт    Ғазиз.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓