Егіс алқабының 23% бастырылды
Дүйсенбі күні өткен аппарат кеңесінде болыс әкімі Н.Садуақасов егін орағына қатысты соңғы жаңалықтардан хабардар етті. Еске сала кетсек, Қостанай облысы бойынша биыл 4,1 млн.га дәнді дақыл егілген болса, оның 3,7 млн. гектары – бидай. Өңіріміз орташа 4,5-4,6 млн. тонна өнім алуды жоспарлап отыр.
Өңір басшысының сөзіне қарағанда, қазіргі таңда егін орудан облыс Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарымен қатар келеді:
– 25 тамыздан бері егіс алқабының 23% бастырылды. Егіннің орташа шығымы гектарынан 8,3 центнер. Оңтүстіктегі құрғақшылыққа байланысты кей жерлерде егісті күйік шалды. Ал солтүстік аудандарда егістіктің 7-8% жиналды. Бұл өңірлерде егін әлі піспеген. Сол себепті техника толық қарқын алған жоқ. Егін жинау көрсеткіші тәулігіне 250 мың гектар.
Облыс әкімі жанар-жағар майдың жетіспеушілігіне тоқталып өтті:
– Қостанайға өткен тамыз айында 34 мың тонна дизель отыны жеткізілген болса, қыркүйек айында да осыншама жанар-жағар май берілуі тиіс еді. Алайда Павлодар мұнай өңдеу зауытында орын алған мәселелерге байланысты ол жақ біздің өңірімізге 17 мың тонна жанар-жағар майдың орнына 12 мың тоннасын жеткізіп, қалғанын қазан айында жіберуді ұсынды. Біз әзірге келісімімізді берген жоқпыз, – деді.