Облыс әкімі мүгедектермен кездесті
Бүгін халықаралық мүгедектер күні. Осынау атаулы күнге орай Қостанай облысының әкімі Нұралы Садуақасов мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады.
Мүгедектер мемлекет тарапынан ерекше қолдауға ие болып отыр. Олар тек жәрдемақы алып қана қоймай, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінуі тиіс. Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында осылай деп айтқан болатын.
Қостанай облысында 26 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Соның 18 500-і жұмыс істеуге қабілетті жаста. Қазіргі уақытта 25%-ы жұмыспен қамтылған. Биылдың өзінде 775 мүгедек жұмысқа орналасыпты. Алайда, аталған азаматтардың бәрі бірдей жұмыс істеуге ниетті емес.
-Мүгедектерге кедергісіз орта қалыптастыру керектігін Елбасының өзі қадап тапсырды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарға ерекше көңіл бөлудеміз. Әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру шаралары да жасалып жатыр. Облыс аумағында жүз үкіметтік емес ұйым белсенді түрде жұмыс істейді. Аталған ҮЕҰ-дар арқылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша мүгедектерді қолдауға арналған жобаларды жүзеге асырамыз,-деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
«Жаңа өмір» ҚБ-ның басшысы Асылан Дабылов биыл Қостанай облысы әкімінің мүгедектермен жұмыс жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалған еді. Аталған азамат мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын тікелей аймақ басшысына баяндап отыр. Кездесу барысында А.Дабылов мүгедектердің спорт саласындағы жетістіктерін айтып берді.
Мүгедектердің спорт саласындағы табыстарыкөңіл қуантарлық. Биыл қостанайлық мүгедек спортшылар Инчхон қаласында өткен паралимпиада ойындарында арбамен билеу бойынша күміс және қола жүлде алды. Бір әттеген-айы олардың спортпен шұғылдануы үшін арнайы кешендер тапшы болып отыр. Мүгедектердің басқосуына арналған нысандар да керек. Өңір басшысы аталған мәселелердің шешімін табатынын жеткізді.
Қымбат Досжанова
Суретті түсірген Айбек Жүзбай