Әр салада өсім бар
Архимед Мұхамбетов тоғыз айдың қорытындысын жасады
Қостанай облысының әкімі Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасады. Архимед Бегежанұлы мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында көрсетілген бағыттарының іске асырылуына тоқталды.
– Қостанай облысында да отбасы мен жастар, баспана мен еңбекақы, жергілікті жолдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, ауыл шаруашылығы мен экология, ірі және шағын бизнесті қолдау, әлеуметтік саланы дамыту мәселелері басты назарда. Жыл басынан бері негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер оң серпін көрсетіп отыр. Атап айтқанда, өнеркәсіпте нақты көлем индексі 109,5%-ті құрады. Ауыл шаруашылығындағы өсім – 102,2%, – деді облыс басшысы.
Архимед Мұхамбетовтің сөзінше, әлеуметтік-экономикалық салада айтарлықтай өсім бар. Мәселен, алдыңғы жылдармен салыстырғанда тұрғын үй құрылысының сапасы жақсарып, баспана саны көбейген. Жыл басынан 227,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 117,0%-ке көп. Бөлшек және көтерме сауданың көрсеткіштері – 106,4% және 135,3%.
Жалпы, облыс экономикасына 166,1 млрд теңге инвестиция салынды, өсімі – 10,6%, бұл ретте өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда сыртқы инвестиция 1,8 есе артық тартылды. Еске салсақ, былтыр 19,7 млрд тг инвестиция құйылған-ды.