ЖАЗБА АЙТЫС: Батырлан мен Алмат
"Құтты мекен – Қостанай" республикалық жазба айтысының тағы бір белесі артта қалып барады. Жыр-жарыстың үшінші айналымын қызылордалық Алмат Кенжебеков пен қостанайлық Батырлан Сағынтаев түйіндегелі отыр. Бұлар – түйдектетіп сөз төгіп, оқа-зерлі ой өретін өлең шеберлерінің санатынан. Сондықтан қос ақын осы жолы да жырсүйер қауым тұшынып оқитын айтыс жасады деп сенеміз! Оқиық, қолпаш білдірейік, лайықты бағаларын берейік!
АЛМАТ:
Қашанда жырға құмар ет жүрегім,
Оқырман, қабыл болды-ау көп тілегің.
Сүрінбей осы айтыста, аттың басын
Үшінші айналымға кеп тіредім.
Өткеннің өнегесін ұлықтаған,
Ассалаумағалейкум, тектілерім.
Кезегі тағы келіп қалғаннан соң,
Сәлем боп Сырдан жырым жетті менің.
Армысың, арқалы ақын Батырланым,
Жырдан күлік тек мінген текті ерім.
Өзіңмен жыр додада жолыққаным,
Халықтың ықыласы деп білемін.
Сыйласып жазсаң жырды, құп аламын,
Қалайды татулықты, сірә, жаным.
Өзіңді мақтағаным – көңілім шын,
Ниеті қалай деме бұл ағаның?
Өзіңдей жақсы ініммен сұхбат құрсам,
Шыны сол, көңіл жібіп қуанамын.
Ақыл мен білім – жырдың шын ажары,
Ал, бірлік тек Тәңірден сұрағаным.
Бұл достық бағындырар биік шың бір,
Ендеше биігіңнен құламағын.
Кешегі Мұқағали айтқан сөз бар:
«Барлық ақын – баласы бір ананың».
Жүрекке жетер болса өрілген жыр,
Ақынға ол қашаннан төгілген нұр.
Інім-ау, Ахаң, Жақаң шыққан мекен,
Жеткізші жаңалықты өңірден бір.
Аман ба арысты өлке Торғай жері,
Хабар айт туған өлке төріңен бір?!
Ақынға шабыт берген, жалын берген,
Қостанай, құт мекенсің қадірленген.
Топырағың киелі аймақсың сен,
Алашқа қанша тұлға, дарын берген.
Биылғы айтысыңнан қалыс қалмай,
Бөлісуге бекіндім барымды елмен.
Маржанын сөздің терген Мамай атты,
Айтыстым бұл тойыңда сабырлы ермен.
Асландай доспен де бірге түстім,
Жұртына жыр жауһардың бәрін берген.
Қазылар Батырланмен айтыстырмақ,
Өлеңге көркем ойдың сәнін берген.
Айбектей ақтаңгердің шәкірті екен,
Жырмен сұхбат құрайын дарынды ермен.
Қостанай, бұл тойыңа тілегім сол –
Несібең азаймасын Тәңір берген.
Батырлан, сен інімсің бар қадірің,
Сөз көркемін тең тапқан арда жырың.
Тұлпар боп бауырды жаз жыр бәйгеде,
Сұңқардай ой көгінде самға бүгін.
Ақындық ауылына енген жанбыз,
Түнгі оймен жалғаған таңға жырын.
Ендеше кезегіңді мен берейін,
Ағаңның ал, інім-ау, жалға жырын.
БАТЫРЛАН:
Би – қазық, бұхара елге батыр – қорған,
Бұрмаса әділдіктен ақын – жорғаң.
Жаңылмай жорғасынан жүрсе екен деп,
Аталы сөз күтпес пе ел ақындардан.
«Алла» деп аламанға түскен күні,
Әйтеуір адастырмай ақыл жолдан,
Ақ тілек алып біздер қайта шықтық,
Пейілі перуайым оқырманнан.
Ассалаумағалейкум, армысыңдар,
Мың сәлем баршаңызға Батырланнан.
Өр елім, өзің қолдау бергеннен соң,
Өлеңнің өшірмеске отын жанған,
Сиынып тағы да алдым қолға қалам,
"Сақта, – деп, – я, Зұлжалал, «аһ» ұрғаннан".
Қалдырып жырмен белгі кетпесе ақын,
Қайрылмай өте шығар ғапыл-жалған.
Кімдерді алдамас деп көкбет-үміт,
Талайлар бұл айтыстан кетті өкініп.
Ассалаумағалейкум, Алмат аға,
Жырменен шеру тартқан шепке кіріп.
Сұрасаң елден хабар алғысым бар,
Сыртымнан сөз қылмадың, бетке күліп.
Торғайдың елден кейін қалғаны жоқ,
Шалғайда жайлағанмен шетте отырып.
Бірақ та бәрі жақсы деуге келмес,
Көрінеу айта алмаймын көпке өтірік.
Себебі сіздер жақтан ұшқан зымыран,
Кей кезде төбемізді кетті опырып.
Тобылдың түлеп шыққан Дамбарынан,
Әйеттің Шанқан деген аңғарынан,
Би-ағаң әдебиеттің алыбы еді,
Қызылдың қаза тапқан қанды оғынан.
Қанша жыл туған жері «Таран» болды,
Кеңестің заманынан қалған ұран.
Өткен жыл «Бейімбеттің атын бер» деп,
Ұсыныс жасады ел жан-жағынан.
Жақында жарғы қылып жазып хатқа,
Қолдады биліктегі нар, бағлан.
Бұйырса аудан атын иеленбек,
Белгілі Бейімбеттей арлы оғлан.
Жаңалық осы болды сүйіншілер,
Жұртымды айықтырған жан зарынан.
Тарихтан тарқатқасын құмарды жан,
Тартушы ем жырмен желі тым арғыдан.
Кір жуып, кіндік кескен Ақмешітте,
Ақынсың Сырда туып сыр аңдыған.
Кеңестің кезеңінде Қызылорда
атанып, естен шыққан құран, дұғаң.
Кешегі Бейімбеттей арыстарды
Сол қызыл қырып салған шұбар жылан.
Еркін ел атанғасын тәубә дейміз,
Үлгі алды қыз ұятты, ұл арлыдан.
Бірақ та "Қызылорда" деген атау,
Мызғымай әлі күнге тұр орнынан.
Таранның атын алған бізді көрдің,
Көңліңде енді қалай тұрар күмән?
Алашқа мақтан қылып, Алмат аға,
Ақмешіт атын қайтар Тұранға ұран.
АЛМАТ:
Ақындар жыр тұлпармен топқа кірді,
Сыйғызып жүрегімен хатқа жырды.
Батырлан, жауабыңа қанық болдым,
Өрбіттің өрелі өлең от тамырлы.
"Бейімбеттің атымен аталмақ, – деп, –
бір аудан", – сен жолдадың ақпарыңды.
Би-ағамның атына берілсе егер,
Дегейсің ел ішіне бақ дарыды.
Ақынбыз ақиқатты ұрандаған,
Тарихқа куә болған Тұран далам.
Өзгеше жыр екпіні болғанменен,
Тоғыссын тілек түбі бір арнадан.
Батыр-ау, жыр сайыстың қызығы алда,
Бекерге салынбайық біз ұранға.
Ақмешіт атанатын күн де туар,
Әрине, туған өлке Қызылорда.
Петр мен Павелдардың атымен тұр,
Киелі Кереку мен Қызылжарда.
Астананың атауын ауыстырды,
Ондай шама білесің «ұзын қолда».
Маған салсаң, көне атын қайтарар ем,
Ондай билік тимейді біздің қолға…
Тарих деп тани білген әр төбесін,
Інім-ау, енді қандай бар кеңесің?!
Тым арғыдан тартқанмен жыр желісін,
Оныңмен тек өлеңге сән бересің.
Мекені болған талай сан алыптың,
Торғайға күн де туды мән берер шын.
Тарихта орыны бар облыстық
Қайтаруды ойлайық мәртебесін.
Өткен күн өте берер іңірге еріп,
Өлеңге бердік біздер бүгін ерік.
«Төбемді опырады» депсің інім,
Ақынбыз, ақиқатқа жүгінелік.
Байқоңыр улап жатса гептилімен,
Бұл олқы қашан тоқтар жүгенделіп?
Сол удан қырылуда, жасырғанмен,
Суда балық, даламды бүгін елік.
Бүгінгі билік соны ескермей жүр,
Жатса да бірі кетіп, бірі келіп.
«Ел аман, шүкір» дедік… әттең, бірақ…
Жер-анам жылап жатыр күңіреніп.
Ақынның иыққа артқан қиын жүгі,
Өлеңмен өлшей алмас сый, үлгіні.
Біздерді жетелеп жүр жалған арман,
Фәнидің таусылған ба қиындығы?!
Кестелеп көрсетсек те кемшілікті,
Төмендеп кетпесе екен пейіл құны.
Жарасы жазылмаған ақын жүрек,
Ойлайды өсер ұрпақ, кейінгіні.
Бұл дода басын қосып ақындардың,
Жырмен шөлін қандырдың оқырманның.
Өзегі талғанменен кезегінде,
Айтпаса ақиқатты ақынға мін.
Жаныма қашаннан да қалам серік,
Бүгінде тұлпарымды тақымға алдым.
Ал, інім, кезегіңді мен берейін,
Белгілі соны күтіп отырғаның.
Бабадан қалған көне көмбені ашшы,
Бағыты елден ерек Батырланым.
БАТЫРЛАН:
Уа, Алмат, Сыр бойында нар ақын ең,
Сөзіңді өз пайдаңа жаратып ең.
"Таранды" "Бейімбет" деп өзгерткенде,
Ақмешіт аталмайды неге атымен?
«Күн туар, күн туар» деп жүре берсек,
Жан қайда ел дертіне табатын ем?
Қозғау сап көрмедің бе қалам алып,
Салғандай тыңға әкеліп жаңа түрен.
Бұл жайды өзіңе айтсам, өрекпіген
Тең көрме тек ұраншыл дарақымен.
Ұйысу деп білгейсің ұран емес,
Ұлтымның бір болған Сыр елатымен.
Өзгерте алмасақ та біз ғана айтып,
Болсын деп олқылықтың санаты кем,
Сөнбесін білгенменен қалың өрттің,
Су себер қарлығаш ем қанатымен.
Ақынға ел ерніне жыр жұққызған,
Кей кезде кем көрінбес тірлік тұздан.
Жүгінсең ақиқатқа көрдің бе сен,
Ел жайын зарлық ұлдан, мұңлық қыздан.
Бірі кеп, бірі кеткен дегендерің,
Білерсің Байқоңырды кімге ұтқызған.
Зымыран түсуге де жерді сатып,
Зымыстан жандар да бар бірлік бұзған.
Ел үшін көк тиындық пайдасы жоқ,
Болса да жер саудасы сұмдық қызған.
Уытын кім қайтарар усойқының,
Уызын берген елге у жұтқызған.
Қарт Торғайды жырласаң сен тарландай,
Қатарыңнан болмайын мен қалғандай.
Ұлт ұясы атанған мекен еді,
Азаттық деп тұрмайтын семсерді алмай.
Жабылғасын облыс, ел-ұлыстың
Жағасын жат, өрісін өрт алғандай.
Торғай емес тек қана, байыптасаң,
Мешеу тартқан жерлер бар кемтар жандай.
Адамзаттың алыбы Абай туған,
Шыңғыстаудың бауырын дерт алғандай.
Бар қазақтың бірлігін айғақтаған,
Ұлытауда өзгеден кем қалғандай.
Тұрмаса да тұлғасы аласарып,
Болашағы болады ертең қандай?
Осыларды ойласа, Алмат аға,
Ел толқымай қалмайды, ер толғанбай.
Кие тұнған қазақтың құт мекені,
Көрінбестен бұл күнде көркі оңғандай,
Бабалардан қалған рух боздап бүгін,
Балбалдардың көзінен шер тамғандай.
Пенденің тамғаннан соң кіндік қаны,
Жердегі басталады тірлік қамы.
Талайлар талаптанар тірлігінде,
Тәттінің бұйырса деп бір мысқалы.
Қызығын ойлағанға қу дүниенің,
Қырық күн жаңбыр жауса су жұқпады.
«Жарасы жазылмаса ақын жүрек»,
Ұлт үшін талай мәрте уды ұрттады.
Ойласаң кейінгіні, оның дұрыс,
Болашақ жастар болар бұл жұрттағы.
Бағытта сол жастарды ізгілікке,
Өсіріп ұл Қобыланды, қыз Құртқаны.
Таппаса жастықта ақыл жақсылыққа,
Қарттықтың қайрат бермес сұрғылт таңы.
Жігіттің маңдайынан сор арылмас,
Жүректің тазармаса кір жұққаны.
Елімнің деп жүргенде ойлы ағасы,
Тұнығын көңілімнің лайламашы.
«Өрбіттің өрелі өлең от тамырлы»
деп жазған сөзіңнің бар қай бағасы.
«От тамыр» дегеніңді түсінбедім,
Жері ме табаныңның тайған осы.
«Пірлі есік» деп жазып ең өткен жолы,
Оны айтсам маған тісің қайрамашы.
Өлеңге таласың бар болса, аға,
«Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы».
Уа, дарих, Абай айтқан анық сөзді,
Елімнің ескермеді-ау қайманасы.
«Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын,
Қазақтың келістірер қай баласы».
Қыз өтер ата даңқымен,
Бөз өтер мата дәрпімен.
Әрбір сөз бірақ өтпейді,
Әрленіп өлең нарқымен.
Қағазға төксең сияны,
Шайырлықтың шартымен.
Қиыннан таппай қиюын,
Қисынсыз болса парқы кем.
Жазса да керек әркім сөз,
Шамасын біліп шарқымен.
Қалауын сөздің таппасаң,
Қадірлі болар қалпымен,
Жұбана алмай қалады,
Жарым көңіл жартымен.
Біздерден кезек өткенде,
Сіздерге ширет жеткенде,
Тусырап жатқан тың ойға,
Өлеңмен, аға, сал түрен.
Дария жырдың тамшысы,
Дүрлердің сарқыт, сарқыны ең.
Қайымын келтір жырыңның,
Кәтекі жырау салтымен.
Сырда көп өткен сүлейлер,
Тұрмағамбет, дүр Омар,
Белгілі Базар Балқымен.
Орнына қалсаң оғлан боп,
Орнаған биік әлпімен,
Татаусыз таныт жырыңды
Тартысқа түстің талқымен.
Мәуесін шашқан сен дарақ,
Мәжілістеc болсаң жалпымен.
Кеткесін дүние келмейді,
Кемел сөз айтсаң – өлмейді,
Патша көңіл халқыңа,
Пайымды сөйле парқымен.
АЛМАТ:
Бөтен ой билегендей сананы анық,
Батырлан, жыр жолдапсың ағаңа нық.
Айтары Алматтың да таусылмайды,
Жатқанда жыр додада бағаланып.
Сөзіңнен бір салқындық сезіледі,
Отырсың қазыдан да дара қалып.
Жұрттың сөзін сынауға дайын қазір,
Жыр жазғанның көбісі қалам алып.
Ешқашан опа бермес, түсінгейсің,
"Өзін зор, өзгені қор" санағандық.
"Пірлі есік", "от тамырды" түсінбесең,
Сырға кеп ағаңнан кет сабақ алып.
Бұл өлең емес, білші, ер ермегі,
Ой-санам жыр-теңізге тереңдеді.
Ішіңе бір бәлені бүркеп отсың,
Інім-ау, сен жасырдың менен нені?
Әр сөзі бар ұлтыма ғибрат, үлгі,
Абайым рас ақылдың кемеңгері.
Айтпақшы, Әбіқайдай атаңыздың
Қолына тиіп Абай өлеңдері,
Сол сәттен ақындықты қойып кетті,
Өлеңі болғанымен тең, іргелі.
Мен саған жыр жазба деп отырғам жоқ,
Демеймін сендік биік төмендеді.
Маздаттым қашаннан да үміт отын,
Ертеңге елде үмітпен сенер еді.
«Көкбет-үміт» дегенің тосын боп тұр,
Ойыңның бар еді, інім, не дерегі?
Жаныңыз болмасын тек сынға құмар,
Сыйластық адамзатқа ең керегі.
Батырлан, сол Әбекең бүгін болса,
Сенің бұл ойларыңа не дер еді?!
Жырыңмен ойнағандай жасырынбақ,
Отырсың жел сөзіңмен тасынып-ақ.
Ұлытау, Шыңғыстауды қозғап кеттің,
Қадірін ала алмаған ғасыр ұрлап.
Ақмешіт атауыңды қайтар дейсің,
Қызылға қалғандай-ақ ашынып-ақ.
Атауы қайтарылар… Хан Кенемнің,
Мен үшін жатта жатқан басы қымбат.
Онан да соны алайық біз қайтарып,
Қозғайық мәселенің ашығын нақ.
Батырлан, ақын болшы сөзі мерген,
Санасып отырғайсың озық елмен.
«Кейкінің қолы мерген», ел ішінде
Сөз бар-ды «Амангелді көзі мерген».
Кейкі батыр бабамның басы оралды,
Жан еді ел деп өткен өзі мерген,
Аймақтың атауын қайтар демей,
Ашынған ақиқатты сез үнімнен.
Болса да тәуелсіздік тағы қымбат,
Мен үшін әз халқымның бағы қымбат.
Қазақтың ертеңі үшін басы кеткен,
Қас батыр бабалардың жаны қымбат.
Хан Кене, Кейкі батыр, Махамбеттей,
Тарихи тұлғалардың бәрі қымбат.
Жырымен сынау оңай болып отыр,
Керегі тек сендерге – «жаңылған жақ».
Мен үшін ата-бабам ары қымбат,
Тарихтың мұң-налалы зары қымбат.
Сүйегі Кенекемнің бүтінделмей,
Біздерге қонар дейсің не қылған бақ…
Ағаңнан осылайша сөз өрілді,
Інім бол жырларымнан сезер мұңды.
Ойыңды бір арнаға тоғыстыршы,
Жөніммен мен берейін кезегімді.
БАТЫРЛАН:
Кеңесті сөздің жазсаң келелісін,
Көрінер көкжиекте кең өрісің.
«Ішіңе бір бәлені бүркедің» деп,
Сезінді салқындықты неден ішің?
Өзін зор, өзгені қор санады деп,
Сыртымнан сынағанға сенемісің.
Өзгеге зор танылу ойымда жоқ,
Сынасам, сынағанмын өлең үшін.
Білесің, «сын түзелмей мін түзелмес»,
Өзіңді түзей білсең өрелісің.
Тек ашық айтып, анық көрсетсеңіз,
Лайықты орынына келер ісің.
Мін қылсаң «көкбет-үміт» деген сөзді,
Мұнымды, аға, тосын көремісің?
Тосыннан таңырқартып кете алмасам,
Келеді ақын болып неге күшім?..
Қозыдай қара өлеңге көгенделген,
Әбіқай өнер ұлы өлеңді емген.
Қойса егер ақындықты Абайды оқып,
Кең ойлы асқан жанды кемел көрген.
Кешегі Бимұхаммед атамызда,
Тапса да сөз маржанын тереңдерден,
Ілиястың «Құлагерін» оқығасын,
«Өлеңің көрінсін, – деп, – тек өрлерден»,
Қойыпты өзі өлең жазғандығын,
Болса да сөзге қанша шебер, мерген…
Әбіқай, Бейімбеттер кем емес-ті,
Әр тұста «мен ақынмын» дегендерден.
Қойса олар, қойды өлеңді мықтылықтан,
Осалдық табылар ма кемеңгерден.
Бабалар бағасын еш түсірмеген,
Біздерге жеткен солай өлең-керуен.
Білгесін дәл солардай арлы ақынды,
Біздерге қылу керек, Алмат, үлгі.
Ақынға сөз қадірі – өз қадірі,
Жалғаған, жазса өлеңді, таңға түнді.
Жүректен сөз шырынын сығып берсе,
Тамырында тулаған жыр қанға тұнды.
Құрбан ғып жыр жолына басын тіксе,
Ақыннан адамзатта бар ма құнды.
Әй, бірақ бұл заманның тұрқы бөлек,
Құрметтер ақын емес паңды, әкімді.
Айтқанмен намыс қайрар бар нақылды,
Тыңдамай қараша – сөз, хан – датыңды.
Шайырдың «шимайына» қарағанда,
Сыңсыған артық көріп салдақы үнді.
Қадірін білмегесін қоғам қазір,
Қабірге тірі апарып салды ақынды.
Ойымыз бір арнаға тоғысқан күн,
Демессің кейін тұрып, қалыс қалдың.
Жырласаң батыр туған бабаларды,
Қаламды алып мен де қарыштармын.
Хан Кене басы оралмай жатқанына,
Қан қызып, қайраттанып намыстандың.
Қазақ деп басын тігіп, байрақ алып,
Азаттық үшін ондай соғысқан кім?!
Ерлігін Омар бабам жырлап өткен,
Мұра ғып мен де кейін табыстармын.
Ел басы ердің басын қор ғып қойсақ,
Аруағы разы болмас арыстардың.
Ар көріп ойламасақ осы жайлы,
Нар болып іздемесе намысты әркім,
Жоқ қылар айдаһарды жылан жұтып,
Ит мүжіп бас сүйегін арыстанның.
Саналған Алаш үшін дана абызға,
Кенекем кейіпкер ед сан аңызға.
Сүйегі бүтінделер қалай оның,
Бүтіндік болмаса егер арамызда?
Дүркіреп өткен еді-ау дәуірінде,
Дүбірлі ізі қалып даламызда.
Табылмай асыл сүйек ханның басы,
Айналып жүрек тасқа, сана мұзға,
Байланып қол-аяғы бостандықтың,
Бір үрей жатқан сынды санамызда.
Келер іс табылмай тұр қолымыздан,
Айтудан болмай басқа шарамыз да.
Шын сұлтан ескерілмей қалды бүгін,
Бір сұлтан атын беріп қаламызға…
Жүректе жатқан шерді жасырамыз,
Жырменен дұға қылып бабамызға.
Нәр алып тарихтағы жатқан рухтан,
Айналдым батыр басын тапқан жұрттан.
Көңілге қайғы алғанбыз Кейкі үшін де,
Тоқсан жыл жаназасыз жатқандықтан.
Кесіліп кеткен талай ерлер басы,
Мойынан халық жүгін артқандықтан.
Қанша жұрт қарғыс айтты Ықыласқа,
Өр басын Махамбеттің шапқандықтан.
Алаштың сүйегіне таңба түскен,
Хан Кене басын кесіп тақта орныққан.
Кейкі де өз басынан айрылмап па ед,
Қазақты құтқарам деп жат қорлықтан.
Ойнатып алдаспанын азаттық деп,
Атой сап асулардан ат қарғытқан,
Бақытты шығар бәлкім сол бабалар,
Сорын да қазақ үшін тапқандықтан.
Ағеке, жырдың дария тасқыны едің,
Сақтаған сүлейлердің жақсы жолын,
Өзіңмен жолыққасын жазба айтыста,
Биіктеп мерейімде өсті менің.
Өлеңде тартысқанмен айтыс жасап,
Өмірде айтар жанмын дос тілегін.
Тоғыссақ татулықтың арнасында,
Танытып не қыламыз қасқыр өңін.
Тарықсаң табылатын таяу жүріп,
Сүйенер інің болсын, рас, тірегің.
Біз енді бұл айтысты тамамдалық,
Болса да жырға толы жас жүрегің.
Оқырман, өзің талдап, ойлап сына,
Біздерден жақсы жырды тостың, елім.
Тоқталсын осыменен соза бермей,
Тамамдап жазғандарын қос түлегің.
АЛМАТ:
Қашаннан Сыр менен Қыр бір егізім,
Жалғайық бұл өлеңмен тілек ізін.
Омар мен Бейімбеттің тойларына,
Жеткізген бір ұлыңмын жыр лебізін.
Ақынға шабытты сәт қона қалса,
Бақытты кез бар ма екен онан аса.
Тойыңда асқақ жырды арнау міндет,
Ойымды айтпасам да Омарларша.
Ұядан сүлей шыққан өскен ұлмын,
Би-ағам деп жүректен жыр арналса.
Қостанайлық ағайын, кешірерсің,
Ойымның олқы тұсы бола қалса.
Жүрегім ел дегенде өлең өрді,
Бірі едім серік еткен төл өнерді.
Танытса Батыр інім достық пейіл,
Алыста ағаң оған көне білді.
Арнаған ақынсың көркем жырды,
Жалғаған Батырымсың көне өнерді.
Емессің жан боп туған қастық қылар,
Демессің біздің биік төменделді.
Жалғасы бола білсек батырлардың,
Сарқыты сені мен біз ақындардың.
«Айтыста мерейімді өсірдің» деп,
Бағамды биіктеттің, Батырланым.
Тартысты айтыс жазсақ екеуара,
Бастысы – ойынан шығу оқырманның.
Ұлысың дәстүрге бай ұлы Алаштың,
Бірісің бұл ағаңа жақын жанның.
Туысың өлең атты өлкеде шын,
Ұлысын ұлықтатып отырғанның.
Жыр-күлік тізгіндедім айтысыңда,
Білдіріп бұл өлеңге хақым барын.
Сабасын сен деп аштым жыр-қымыздың,
Бағасын тек өзің бер, оқырманым.
Ерлері болар елдің қастасар ма,
Өлеңім сендік жырға дос қашанда.
Айтысты осыменен аяқтайын,
Батырлан, ағаң болып бастасам да.
Бас қосқан ғаламтормен бұл айтыста,
Қолыңды қыса алмаймын қоштасарда.
Дей білсек жыр тұнығын ластамайын,
Қалайша елге тілек тастамайын.
Бұйырса, сені тағы жырға қосам,
Әзірге қош-есен бол, Қостанайым!
Тамаша! Керемет! Жарайсың Алмат????
Батырланға осы жылы бас жүлде беру керек!
Сөздің турасы керек. Өлеңге де туралық пен анықтық айқын мағыналы сөз керек. Батырлан осы тұрғыда сəл ақсақтық танытқан. Көркем сөз қуамын деп көріксіз өлең өрбіткен тəрізді болып көрінді. Оқыған жанды жалықтырады. Бұл мендік ой. Жалпы айтыс жақсы өрбіді. Арзан тақырып алшақ, бір-бірін сынаудан ада, болмашы ойдан қашық. Терең мағыналы ой өрісі деп білемін. Алға ақындар.
Ой, керемет айтыс. Алмат, жарайсын
Алмат аға, алға!
Тамаша! Алмат, бас қамшыны
Екі ақында мықты, дегенменде Алмат ақынды қолдаймын